23 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ СТУДЕНТТЕР ФИШИНГТІК ШАБУЫЛДАРДЫ ТАНУДЫ ҮЙРЕНДІ

Қазақстанда қараша айында киберқауіпсіздік мәдениетін арттыруға, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы сауаттылықты қалыптастыруға және цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Осы бастама аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Ақиқат немесе жалған: фишингті тану» тақырыбында ақпараттық қауіпсіздік бойынша практикалық іс-шара өтті.

Іс-шараға «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – білім алушылардың фишингтік шабуылдар туралы түсінігін кеңейту, күмәнді хабарламалар мен электрондық хаттарды ажырату дағдыларын қалыптастыру және цифрлық ортада қауіпсіз әрекет ету мәдениетін дамыту.

Практикалық бөлімде студенттерге фишингтік және заңды хабарламалардың үлгілері ұсынылды. Қатысушылар олардың шынайылығын анықтап, жіберушінің электрондық мекенжайын, сілтемелердің мазмұнын, күмәнді сұраныстар мен шұғыл әрекетке итермелейтін белгілерді саралады.

«Ақиқат немесе жалған» форматындағы тапсырмалар арқылы студенттер теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде тексерді. Әрбір жауапты талқылау кезінде қатысушылар өз пікірлерін дәлелдеп, фишингтік хабарламаларды анықтаудың негізгі белгілеріне назар аударды. Сонымен қатар күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді қорғау және белгісіз жіберушілерден келген хабарламаларға сақтықпен қарау мәселелері қарастырылды.

Іс-шара соңында студенттер тақырып бойынша пікір алмасып, фишингтік шабуылдардан қорғану жолдары туралы сұрақтарына жауап алды.

Мұндай практикалық сабақтар білім алушылардың киберқауіптер туралы хабардарлығын арттырып, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауына және цифрлық кеңістікте қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.