26 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY: «УӘЛИЕВ ОҚУЛАРЫ – 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдардың «Уәлиев оқулары – 2026» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Биылғы ғылыми жиын «Цифрлық білім беру жүйесі: цифрлық дәуірдегі жасанды интеллект, ғылым және білім интеграциясы» тақырыбына арналды.
Конференцияның пленарлық отырысын ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, PhD докторы Бейсенбай Есенбек Жұмағалиев жүргізді.
Жиынның ашылуында Басқарма төрағасы – ректордың стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Ирина Владимировна Ровнякова қатысушыларға құттықтау сөзін арнады.
Пленарлық отырыс аясында Қазақстан, Түркия және Венгрия елдерінен келген ғалымдар мен зерттеушілер өз баяндамаларын ұсынды. Сегед университетінің профессоры Шандор Папп венгр-осман дипломатиялық қатынастарының қалыптасу тарихына тоқталды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институтының аға ғылыми қызметкері Олжас Шайзандаевич Әділханов еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс пен экспорт көрсеткіштеріне талдау жасады. Түркияның Улудаг университетінің профессоры Абдул Кадер Чучен жасанды интеллект дәуіріндегі балаларға арналған философиялық педагогика тақырыбын қозғады. Ал университет докторанты, Ұжымдық пайдаланудағы ұлттық ғылыми зертхана қызметкері Нариман Русланович Қайырбеков ғылым мен жастардың болашағы жөніндегі ой-пікірін ортаға салды.
Конференция жұмысы алты секциялық бағыт бойынша жалғасты. Қатысушылар жаратылыстану ғылымдары, математика, физика, ақпараттық технологиялар, цифрлық педагогика, жасанды интеллект, тарих, философия, халықаралық қатынастар, экономика, мемлекеттік басқару, құқық және филология салаларындағы ғылыми зерттеулерін таныстырды.
Секциялық отырыстарда цифрлық трансформация, экологиялық тұрақтылық, үлкен деректер мен ғылыми модельдеу, білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану, мәдени мұра, саяси үдерістер, технологиялық кәсіпкерлік және заманауи оқыту мәдениеті мәселелері талқыланды.
Конференция аясында университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерінің еңбектері қойылған кітап көрмесі де ұйымдастырылды.
«Уәлиев оқулары» – жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарын қолдауға, ғылыми нәтижелерін көпшілікке таныстыруға және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған дәстүрлі ғылыми алаң. Биылғы конференция цифрлық дәуірдегі ғылым мен білімнің даму перспективаларын талқылауға, сондай-ақ жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін танытуға мүмкіндік берді.






