26 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Дене шынықтыру және спорт саласындағы негізгі мәселелер мен міндеттер» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Семинар спикері – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты, профессоры, Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Еркін Кинятұлы Уанбаев.

Кездесу барысында дене шынықтыру мен спорт саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, білім беру жүйесіндегі ғылыми-әдістемелік мәселелер, сондай-ақ болашақ мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіру бағыттары талқыланды.

Атап айтқанда, дене шынықтыру және спорт саласындағы ғылыми терминологияны мемлекеттік тілде дұрыс қолдану, дене тәрбиесі сабақтарындағы бағалау жүйесін жетілдіру, жалпы білім беретін мектептерде 5-сыныптан бастап ұлдар мен қыздарға арналған дене шынықтыру сабақтарын бөлек ұйымдастыру, Президенттік дене даярлығы тестілерінің нормативтерін жаңарту мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында кәсіби құзыретті мамандар даярлау, мектептер мен университеттер арасындағы ғылыми-әдістемелік және тәжірибелік байланысты нығайту мәселелері де сөз болды.

Ғылыми-әдістемелік семинарға Василий Петрович Русанов, Фарида Уанбаева, Ерболат Досым, Бек Асылбекұлы, Ажар Қамбарбекқызы, Жұмабек Қанбетов, Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Орман Құлихан, Абай атындағы Шығыс Қазақстан жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Айгүл Құсайынқызы Мергенбаева, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің оқытушысы Айнұр Шорғанова, сондай-ақ Қазақстан-Американдық еркін университетінің дене тәрбиесі оқытушылары Бауыржан Дарыбаев пен Шынар Нұрлатқызы қатысты.

Сондай-ақ жиынға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Мәдениет, спорт және алғашқы әскери дайындық кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 3–4-курс студенттері қатысты.

Талқыланған мәселелер дене тәрбиесін оқыту сапасын арттыру, ғылыми терминологияны біріздендіру, теория мен тәжірибе сабақтастығын қамтамасыз ету және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыру тұрғысынан маңызды.

Семинар жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептер арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми-педагогикалық тәжірибе алмасуға және саладағы өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолдарын қарастыруға бағытталды.

Мұндай ғылыми кездесулер отандық дене шынықтыру мен спорт саласының дамуына, педагогикалық тәжірибені жетілдіруге және жаңа буын мамандарын сапалы даярлауға ықпал етеді.