27 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПЕН ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ӘДІСТЕРДІ ҰШТАСТЫРҒАН АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Педагогикалық білім беру және менеджмент кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Уразбекқызы Касентаева «Оқытуды ұйымдастырудың әдістері, құралдары мен формалары» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақтың басты ерекшелігі – жасанды интеллект мүмкіндіктерін заманауи педагогикалық тәсілдермен ұштастыра қолдану болды.

Оқытушы дәстүрлі дәріс форматынан бөлек, интерактивті тапсырмалар мен цифрлық платформаларды пайдалана отырып, білім алушыларға оқытуды ұйымдастырудың түрлі формаларымен танысуға мүмкіндік берді. Студенттер тақырыптың теориялық негіздерін меңгеріп қана қоймай, практикалық тапсырмаларды орындап, жаңа құралдарды сынап көрді және олардың білім беру үдерісіндегі мүмкіндіктерін бағалады.

Сабақта жасанды интеллектіні оқу үдерісіне кіріктіруге ерекше назар аударылды. Цифрлық шешімдерді пайдалану қалыптасқан оқыту әдістеріне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар технологиялардың сабақты ұйымдастыруға, студенттердің танымдық белсенділігін арттыруға және сыни ойлау қабілетін дамытуға ықпалы көрсетілді.

Ашық сабаққа «Арнайы педагогика» және «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламаларының 2-курс студенттері қатысты. Олар Қарлығаш Уразбекқызы Касентаеваның кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісін жоғары бағалап, мазмұнды сабақ пен заманауи білім беру құралдарымен танысуға мүмкіндік бергені үшін оқытушыға алғыс білдірді.

Ашық сабақ педагогикалық тәжірибе мен цифрлық жаңашылдықты ұштастырудың оқу үдерісіне тың серпін беретінін көрсетті. Өйткені қазіргі оқытушының міндеті – білім берумен ғана шектелмей, студенттердің қызығушылығын арттыратын жаңа тәсілдерді іздеу, өз бетінше ойлау дағдыларын қалыптастыру және оларды өзгермелі заман талаптарына бейімдеу.