27 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ОҚЫТУШЫЛАРЫ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУДІҢ ЗАМАНАУИ ӘДІСТЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ
Оқушыға болашақ мамандығын таңдауға ғана емес, оның қабілетіне, қызығушылығы мен жеке қасиеттеріне сай кәсіби бағытты анықтауға қалай көмектесуге болады?
Бұл мәселе Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «Бейінді мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өткен «Кәсіби бағдар беру жұмысының эволюциясы: дәстүрлі әдістер, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект» тақырыбындағы қалалық семинарда талқыланды.
Кәсіби басқосуға Amanzholov University оқытушылары қатысып, мектеп оқушыларының кәсіби өзін-өзі анықтауына қатысты ғылыми-әдістемелік әзірлемелері мен тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – оқушылардың жеке ерекшеліктерін ерте кезеңде диагностикалау болды. «Оқушылардың тұлғалық бағыттылығын бастапқы жедел диагностикалау» тақырыбында психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Юлия Евгеньевна Кукина баяндама жасады. Ол оқушылардың қызығушылықтарын, бейімділіктері мен тұлғалық ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік беретін тәсілдерді таныстырды. Мұндай диагностика әр білім алушының жеке қабілеттерін ескере отырып, кәсіби бағдар беру жұмысын жүйелі ұйымдастыруға жол ашады.
Келесі кезекте педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Светлана Геннадьевна Сахариева мен педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Наталья Николаевна Радченко «Кәсіби бағдар беру жұмысының жаңа тәсілдері» тақырыбында баяндама ұсынды. Оқытушылар мектеп оқушыларымен өзара әрекеттесудің өзекті әдістерін, дәстүрлі кәсіби бағдар беру тәжірибесін жаңарту жолдарын және білім беру үдерісіне заманауи құралдарды енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.
Семинарда кәсіби бағдар беру жұмысын цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар жасанды интеллектіні қолдану, цифрлық ресурстар мен ойын технологияларын пайдалану, сондай-ақ кәсіби бағдар беруші педагогтердің педагог-психологтермен бірлескен жұмысын талқылады. Бұл бағыттар оқушылармен жұмысты олардың оқу жетістіктерімен қатар, жеке қызығушылықтары мен қабілеттерін ескере отырып ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Amanzholov University оқытушыларының семинарға қатысуы университет тәжірибесін таныстырып қана қоймай, мектеп педагогтерімен кәсіби байланысты нығайтуға да ықпал етті. Мұндай ынтымақтастық орта және жоғары білім беру арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етуге, тиімді әдістемелермен алмасуға және жастардың болашақ мамандығын саналы таңдауына қолдау көрсетудің ортақ жүйесін дамытуға бағытталған.



