7 қараша 2026


«АТАМЕКЕН» ӨКІЛІ AMANZHOLOV UNIVERSITY-НІҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне жұмыс сапарымен келген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнара Бижанова оқу орнының ғылыми-зерттеу әлеуетімен және ғалымдардың инновациялық жобаларымен танысты.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова мәртебелі мейманға ғылыми бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, зерттеушілердің әзірлемелері мен олардың практикалық маңызын көрсетті. Кездесудің негізгі мақсаты – университет ғылымының мүмкіндіктерін таныстыру, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу және бизнес өкілдерімен өзара тиімді әріптестікті дамыту.

Алдымен Ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми-зерттеу зертханасының жұмысы таныстырылды. Зертхана базасында вирустан тазартылған, микроклональды көбейту әдісімен өсірілетін 125-тен астам картоп сорты жинақталған бірегей генетикалық қор қалыптасқан.

Сондай-ақ қонақтар ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу арқылы алынатын инновациялық материалдарға ерекше қызығушылық танытты. Атап айтқанда, күнбағыс қауызы мен күріш қабығы негізінде әзірленген, топырақтағы ылғалды сақтауға мүмкіндік беретін биогидрогельдер мен егістік алқаптарына арналған биологиялық ыдырайтын мульчирлеу пленкаларының қасиеттері таныстырылды.

Сапардың келесі кезеңінде Трибология және материалтану бөлімінің ғылыми жұмыстары көрсетілді. Мұнда металл беттерінің тозуға төзімділігі мен механикалық беріктігін арттыруға арналған детонациялық бүрку және лазерлік қаптау технологиялары таныстырылды. Сонымен қатар материалдардың қасиеттерін зерттеуге арналған заманауи ғылыми жабдықтардың мүмкіндіктері көрсетілді.

Кездесу қорытындысында университет ғалымдарының ғылыми әзірлемелерін өндірістік тәжірибеге енгізу, өңір кәсіпкерлерімен байланысты нығайту және ғылыми жобаларды коммерцияландыру мәселелері талқыланды. Тараптар ғылым мен бизнестің өзара ықпалдастығын арттырудың, университетте жасалған инновациялық өнімдерді нақты өндірістік сұраныспен ұштастырудың маңызын атап өтті.

AMANZHOLOV UNIVERSITY ғылыми зерттеулерді дамыту мен олардың нәтижелерін тәжірибеге енгізуді стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде қарастырады. Мұндай кездесулер университет ғылымының өңір экономикасына қосатын үлесін арттыруға және ғылыми әлеуетті нақты өндіріспен байланыстыруға жол ашады.