10 тамыз 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АБАЙДЫҢ «ТОЛЫҚ АДАМ» ІЛІМІ МЕН «АДАЛ АЗАМАТ» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Абайдың «Толық адам» ілімі мен «Адал азамат» тұжырымдамасына арналған ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының рухани-адамгершілік мұрасын заманауи білім беру үдерісімен сабақтастыра отырып, ақынның «Толық адам» ілімі мен «Адал азамат» тұжырымдамасының мәнін ғылыми тұрғыдан талқылау.

Семинарда университеттің Басқарма мүшесі – тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Амангелдиновна Қалимолдина кіріспе сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

Ғылыми баяндамалар барысында Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Айжан Маратбекқызы Картаева «Білім беру саласындағы «Адал азамат» бағдарламасы және Абай ілімінің өркениеті» тақырыбында баяндама жасады.

Сондай-ақ Меруерт Қозыбекқызы Мұқашева Абайдың «Толық адам» ілімі мен «Адал азамат» бағдарламасының құндылық сабақтастығы туралы баяндама жасап, жас ұрпақ тәрбиесіндегі Абай мұрасының маңызына тоқталды.

Семинар барысында Бигүл Маташқызы Әбенова «Абай жолы» эпопеясындағы тәрбие мектебі: отбасы, орта, қоғам» тақырыбын талқылады.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде Айхат Әділов Абай шығармаларындағы білімді, парасатты ұрпақ мәселесіне тоқталды.

Ғылыми-әдістемелік семинар соңында қатысушылар Абайдың рухани мұрасын білім беру жүйесінде кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақтың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мәселелері бойынша пікір алмасты.