15 мамыр 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ІРІКТЕУДІҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢДЕРІ АЯҚТАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті-нде 2027–2028 оқу жылының күзгі семестріне арналған шетелдік академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу үшін білім алушыларды іріктеудің I және II кезеңдері өз мәресіне жетті.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттердің халықаралық білім беру кеңістігінде тәжірибе жинақтауына, шетелдік жоғары оқу орындарында білімін жетілдіруіне және кәсіби құзыреттерін дамытуына мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында білім алушылар серіктес университеттерде білім алып, жаңа мәдени ортада тәжірибе жинақтайды, сондай-ақ халықаралық академиялық байланыстарын нығайтады.

Іріктеу кезеңдері барысында үміткерлердің академиялық жетістіктеріне, оқу үлгеріміне, шет тілін меңгеру деңгейіне және мотивациялық дайындығына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар қатысушылардың кәсіби даму мақсаты, халықаралық білім беру бағдарламаларына қызығушылығы мен бейімделу қабілеті жан-жақты бағаланды.

Комиссия мүшелері әрбір үміткердің құжаттарын мұқият қарап, студенттердің білім деңгейі мен шетелдік оқу үдерісіне дайындығын саралады. Іріктеу талаптарына сәйкес келген білім алушылар келесі кезеңге жолдама алып, серіктес жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндігіне ие болады.

Академиялық ұтқырлық – студенттердің тек білімін жетілдіруіне ғана емес, олардың дүниетанымын кеңейтіп, тілдік дағдыларын дамытуына, халықаралық тәжірибе алмасуына жол ашатын маңызды бағдарлама. Университет алдағы уақытта да білім алушыларға әлемдік білім беру кеңістігінде тәжірибе жинақтауға қолдау көрсетуді жалғастырады.