29 маусым 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БАҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Басқосуға өңірдегі жетекші телеарналар, республикалық және аймақтық басылымдар, ақпарат агенттіктері, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтері мен медиа саласының өкілдері қатысты.
Іс-шараның ашылуында университеттің Басқарма Төрағасы – ректор, профессор Мұхтар Әділбекұлы Төлеген сөз сөйлеп, журналистер қауымын кәсіби мерекемен құттықтады. Ол ақпарат саласы мамандарының қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып, елдің дамуы мен қоғамдық пікірдің қалыптасуына қосып жүрген еңбектерін жоғары бағалады.
Мерекелік жиын барысында өңірдің ақпарат кеңістігінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген журналистер, редакторлар, телеарна тілшілері, медиа ұйымдарының басшылары, баспасөз қызметкерлері және университеттің түлектері университет ректорының Алғыс хатымен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Марапат иелерінің қатарында Қазақстан Журналистер одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, республикалық және өңірлік БАҚ-тың меншікті тілшілері, «Қазақстан», «Хабар 24», «Астана», «Еуразия» телеарналарының журналистері, «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Менің өлкем» басылымдарының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің баспасөз хатшылары мен коммуникация саласының мамандары болды.
Мерекелік кеш аясында «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Расул Идаятов журналистерге арнауын оқып, ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ марапат иелері атынан «Қазақстан» телеарнасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Олжас Керейхан сөз сөйлеп, университет ұжымына көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді.
Amanzholov University бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен әріптестікті жоғары бағалайды және қоғам мен білім беру саласы арасындағы ашық диалогты нығайту жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыра береді.









