28 сәуір 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСЫ ӨТТІ

27 сәуірде білім беру бағдарламалары менеджерлеріне арналған біліктілікті арттыру курсы аясында оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бөлімі «Инклюзивті білім беру ортасы: оқытуды қайта жобалау, қолжетімділік және цифрлық шешімдер» тақырыбында өзекті семинар өткізді.

Семинар спикері — Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі А.К. Алипова.

Іс-шара барысында қатысушыларға инклюзивті білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық актілер таныстырылып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді оқытудың нақты практикалық кейстері ұсынылды. Сонымен қатар, білім беру бағдарламаларын бейімдеу қажеттілігін анықтауға арналған интерактивті мини-тест ұйымдастырылды.

Практикалық тренинг қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Онда курс тыңдаушылары ерекше білім беру қажеттілігі бар студент пен инклюзивті орта педагогінің рөлінде болып, инклюзивті білім беру жағдайындағы нақты сын-қатерлерді тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.

Семинар аясында жекелеген ерекшеліктерді ескеруден оқытудың әмбебап дизайнына көшу тәсілдері таныстырылып, диагностикалық және бейімдеу матрицалары, оқу материалдарын ұсыну мен бағалау жүйесін қайта жобалау жолдары көрсетілді.

Сондай-ақ Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіндегі инклюзияның цифрлық архитектурасы, білім беру бағдарламаларын жобалау кезеңдеріндегі инклюзияның орны және инклюзивті редизайнның заманауи тәсілдері кеңінен талқыланды.

Бүгінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті білім беру жүйесіндегі инклюзияны дамытуда заманауи қолдау модельдерін, цифрлық шешімдерді және тәжірибеге бағытталған тәсілдерді енгізу арқылы тең мүмкіндіктер мәдениетін қалыптастырып, көшбасшы ретінде танылып келеді.