6 мамыр 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӘСКЕРИ АНТ ҚАБЫЛДАУ РӘСІМІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде әскери кафедра студенттерінің әскери ант қабылдау салтанатты рәсімі өтті. Бұл — болашақ Отан қорғаушылар үшін маңызды сәт.

Салтанатты іс-шара барысында Басқарма төрағасының орынбасары — стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Ровнякова құттықтау сөз сөйледі. Ол әскери анттың маңыздылығына тоқталып, бұл тек ресми рәсім емес, ел мен халық алдындағы жоғары жауапкершіліктің көрінісі әрі әр курсанттың саналы таңдауы екенін атап өтті.

Ант қабылдаған студенттер Отанға адал қызмет етуге, оның заңдарын құрметтеуге және ұлттық құндылықтарға берік болуға дайын екендіктерін білдірді.

Ирина Владимировна курсанттарды айтулы оқиғамен құттықтап, оларға табандылық, рух күші және таңдаған жолдарында табыс тіледі.

Рәсімге ардагерлер ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ студенттердің ата-аналары мен жақындары қатысып, олардың қуанышты әрі есте қаларлық күнін бірге бөлісті.

Аталған іс-шара жастардың кәсіби қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің біріне айналып, олардың азаматтық жауапкершілігін нығайтуға ықпал етті.