15 тамыз 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫРҒАН ҰСТАЗ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымы қазақ тіл білімі мен жоғары білім саласына жарты ғасырға жуық ғұмырын арнаған көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, әдіскер, профессор Амантай Шаймарданқызы Жылқыбаеваның дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтады.
Амантай Шаймарданқызының еңбек жолы Шығыстағы жоғары оқу орнымен тығыз байланысты. Ол 1978 жылдан бастап университетте жемісті еңбек етіп, профессорлық қызмет атқарды. Жиырма жылдан астам уақыт «Практикалық қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі болды. Осы жылдар ішінде білім беру мен ғылымды қатар алып, университеттің ғылыми-педагогикалық дамуына елеулі үлес қосты.
Ғалым қазақ тіл білімі саласында кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғап, түркі этнолингвистикасы, қазақ тілінің семасиологиясы, салыстырмалы-тарихи лексика және өзге тілді аудиторияда қазақ тілін оқыту әдістемесі бағыттарында ғылыми-әдістемелік еңбектер жазды.
Амантай Шаймарданқызы мемлекеттік тілді оқытуға ерекше мән берді. Университет қабырғасында қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне меңгертудің тиімді әдістерін іздеп, тәжірибелік жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар Біліктілікті арттыру институтында дәріс оқып, Өскемен қаласындағы түрлі мекемелерде қазақ тілі курстарын жүргізді. Оның бұл еңбегі өңірде мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге өзіндік үлес қосты.
Ұстаздың көп жылғы қажырлы еңбегі жоғары бағаланды. 2000 жылы оған профессор атағы беріліп, 2001 жылы Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы «Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Амантай Шаймарданқызы шәкірт тәрбиесіне де айрықша көңіл бөлді. Оның ғылыми жетекшілігімен бірнеше магистрлік және кандидаттық диссертация қорғалып, көптеген жас маман ғылым жолына қадам басты. Ол өзінен кейін ғылым мен ұстаздық жолын жалғастырған шәкірттер тәрбиелеп, мол тәжірибесі мен білімін кейінгі буынға аманат етті.
Ұстаз үшін ана тілі – ғылыми зерттеудің нысаны ғана емес, ұлттың рухани негізі болды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оның қадір-қасиетін дәріптеу және мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу жолында ол бар ғұмырын арнады.
Амантай Шаймарданқызының университет қабырғасындағы ұзақ жылғы еңбегі, ғылымдағы ізденісі мен ұстаздық өнегесі оқу орнының тарихында өзіндік із қалдырды. Оның есімі шәкірттерінің жетістіктері мен ғылыми еңбектері арқылы жалғасын таба береді.
Өмірден озған аяулы ұстаздың жарқын бейнесі, мейірімі мен адамгершілік қасиеттері, ғылым мен білімге деген адалдығы оны таныған әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.
Амантай Шаймарданқызы Жылқыбаеваның ғылым мен ұстаздық жолындағы еңбегі – ұрпаққа қалдырған өшпес мұрасы.
