6 мамыр 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «PRO ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫ» АТТЫ ИНТЕРАКТИВТІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында студенттердің еңбек құқықтарына арналған «Pro еңбек құқықтары» атты интерактивті кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және студенттерді өз құқықтарын қорғау тетіктерімен таныстыру болды.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Бағдарлама аясында қатысушылар арнайы QR-код арқылы анонимді сауалнамаға қатысып, еңбек шартынсыз жұмыс істеу, жұмыс берушілер тарапынан кездесетін бұзушылықтар, әлеуметтік аударымдар мен құқықтық қорғаныс мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Нәтижесінде студенттердің едәуір бөлігі еңбек қызметінде құқықтық тәуекелдерге тап болатыны анықталды.
Іс-шара барысында университет ректоры, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлы сөз сөйлеп, қазіргі еңбек нарығындағы өзгерістер жағдайында жастардың құқықтық қорғалу деңгейін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Ол университеттің студенттерге құқықтық қолдау көрсету, жұмыс берушілермен тиімді байланыс орнату және болашақ мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстарын атап өтті.
Бағдарлама аясында мифтерді талқылау, нақты кейстерді саралау және сарапшылардың пікірлері ұсынылды. Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы мен еңбек инспекциясы өкілдері студенттердің еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты нақты мысалдар келтіріп, құқық қорғау механизмдері мен әрекет ету алгоритмдерін түсіндірді. Сонымен қатар, қатысушыларға жұмысқа орналасу алдында назар аудару қажет негізгі 5 қадам ұсынылды.
Цифрлық еңбек нарығына ерекше назар аударылып, фриланс пен онлайн жұмыс кезіндегі тәуекелдер талқыланды. Спикерлер студенттерге өз құқықтарын қорғау үшін сандық дәлелдердің (скриншоттар, хат алмасу, төлемдер тарихы) маңыздылығын атап өтті.
Кездесудің интерактивті бөлімінде қатысушылар нақты жағдайларды талдап, еңбек құқықтары бұзылған жағдайда әрекет ету жолдарын бірлесіп қарастырды. Сарапшылар ұсынылған шешімдерді толықтырып, тиімді құқықтық алгоритмді ұсынды.
Іс-шара соңында студенттер өз сұрақтарын қойып, мамандардан тікелей жауап алды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда және саналы кәсіби жолды таңдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесу студенттерге еңбек қатынастарының негізгі қағидаларын түсінуге, тәуекелдерді бағалауға және өз құқықтарын тиімді қорғауға қажетті практикалық білім берді.









