11 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДАЙЫНДЫҚ БӨЛІМІНІҢ ТЫҢДАУШЫЛАРЫНА СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде дайындық бөлімінің тыңдаушыларына оқу курсын аяқтағаны туралы сертификаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Биылғы оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсуге дайындалған Моңғолия мен Қытай Халық Республикасынан келген талапкерлер оқу бағдарламасын сәтті аяқтап, келесі білім беру кезеңіне жолдама алды.

Университеттің дайындық бөлімі шетелден келген жастарға мемлекеттік грант негізінде сапалы тілдік және академиялық білім беруді қамтамасыз етеді. Тыңдаушылар оқу барысында қазақ және орыс тілдерін меңгеріп, негізгі пәндер бойынша білімдерін жетілдіреді. Сонымен қатар, олар университеттің Студенттер үйлерінде тегін тұрып, оқу үдерісіне қажетті барлық жағдайлармен қамтамасыз етіледі.

Салтанатты іс-шара барысында тыңдаушыларды бейіндік пәндер бойынша даярлаған оқытушылардың еңбегі ерекше аталып өтті. Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Төлеген Мұхтар Әділбекұлының атынан ұстаздарға Алғыс хаттар табысталды. Марапаттарды Басқарма мүшесі – тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жанар Асқарқызы Калимолдина тапсырды.

Өз сөзінде проректор шетелдік талапкерлерді даярлау университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтіп, тыңдаушыларға алдағы білім жолында табыс тіледі.

Айта кету керек, Аманжолов университеті халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып, шетелдік серіктестермен өзара байланысты нығайтып келеді. Атап айтқанда, Моңғолияның жетекші жоғары оқу орындарымен және білім беру ұйымдарымен бірқатар ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған. Бұл келісімдер академиялық ұтқырлықты дамытуға, тәжірибе алмасуға, білім беру сапасын арттыруға және Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне шетелдік жастардың қызығушылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Аманжолов университеті халықаралық білім беру кеңістігінде өз орнын нығайтып, түрлі елдерден келген жастар үшін сапалы білім мен кәсіби даму мүмкіндіктерін ұсынуды жалғастыруда.