22 мамыр 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ЕРЛАН САИРОВПЕН АШЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫНДА КЕЗДЕСТІ

«BIR TOLQYNDA» жастар алаңы аясында белсенді жастармен маңызды кездесу ұйымдастырылды. Ашық пікір алмасу форматында өткен шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров қатысып, жастармен еркін форматта әңгіме өрбітті.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаты жастардың қоғамдағы орны мен белсенді азаматтық ұстанымының маңыздылығына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының жастар бастамаларын қолдауға әрдайым басымдық беретінін атап өтті.

Шараға 150-ден астам жас қатысып, өздерін толғандырған өзекті мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, саяси белсенділік, шалғай аудандардағы жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, жас мамандарды қолдау, студенттерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау, сондай-ақ NEET санатындағы жастар мәселесі талқыланды. Қатысушылар көкейдегі сауалдарын тікелей қойып, нақты жауап алуға мүмкіндік алды.

Кездесуге Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті студенттері де белсенді қатысты. Айта кетерлігі, Ерлан Саиров – университеттің мақтан тұтар түлектерінің бірі. Сондықтан бұл кездесу жастар үшін ерекше мәнге ие болды. Студенттер өз оқу орнынан шыққан түлектің елдік мәселелерді талқылап, қоғамдағы маңызды бастамалардың алдыңғы қатарында жүруін үлкен қызығушылықпен қабылдады.

Мұндай ашық диалог алаңдары жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, ел болашағына қатысты маңызды пікірлерін еркін білдіруге мүмкіндік береді.