28 сәуір 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ СЕМСЕРЛЕСУДЕН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Астана қаласында ерлер мен әйелдер арасында шпагамен семсерлесуден Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне еліміздің әр өңірінен келген 60-қа жуық үздік спортшы қатысып, жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетті.

Аталған беделді жарыста Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 4-курс студенті, «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының білім алушысы Қасен Ансар тамаша нәтиже көрсетіп, командалық сында облыс құрамасы сапында І орынды иеленіп, Қазақстан чемпионы атанды.

Бұл жеңіс – студенттің табанды дайындығы мен қажырлы еңбегінің, сондай-ақ университеттегі спорттық даярлықтың жоғары деңгейінің айқын көрінісі. Чемпионат барысында Қасен Ансар мықты қарсыластармен сынға түсіп, кәсіби шеберлігі мен жеңіске деген жігерінің арқасында алтын жүлдені қанжығасына байлады.

Аманжолов университетінің студентінің бұл жетістігі – оқу орны үшін үлкен мақтаныш. Жас спортшының жеңісі университет жастары үшін де жарқын үлгі болып, отандық спорттың дамуына қосылған сүбелі үлес ретінде бағаланады.