1 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 7 ЖАОК КУРСЫ SKILLS ENBEK ПЛАТФОРМАСЫНДА ЖАРИЯЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті цифрлық білім беруді дамыту бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Осы орайда skills.enbek.kz кәсіби оқыту платформасында университеттің 7 жаппай ашық онлайн-курсы (ЖАОК) жарияланды.

Жаңа онлайн-курстар сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға, оқытудың икемді форматтарын дамытуға және азаматтардың үздіксіз кәсіби дамуын қолдауға бағытталған. Тыңдаушылар оқу материалдарын өздеріне ыңғайлы уақытта меңгеріп, заманауи білім мен дағдыларды игеруге, сондай-ақ оқу нәтижелерін сертификатпен растауға мүмкіндік алады.

Қазіргі таңда университет ұсынған курстарға 337 тыңдаушы тіркелген. Оның ішінде 136 адам оқуды сәтті аяқтап, сертификат иеленді. Бұл көрсеткіш онлайн-білім беру бағдарламаларына деген қызығушылықтың жоғары екенін және курстардың тиімділігін айғақтайды.

Skills Enbek платформасында ЖАОК курстарының жариялануы университеттің цифрлық білім беру экожүйесін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Бұл бастама ашық онлайн-білім беруді кеңінен насихаттауға, өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін арттыруға және университеттің білім беру ресурстарын кең аудиторияға қолжетімді етуге ықпал етеді.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ білім алушылардың, жұмыс берушілердің және еңбек нарығының сұраныстарына сәйкес келетін заманауи білім беру ресурстарын әзірлеу жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады.