17 маусым 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН БЕЙЖІҢ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДЕ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялану және жаһандық әріптестікті кеңейту бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде университет Қытай Халық Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Peking University-мен(Бейжің университеті) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Peking University (Бейжің университеті)— Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласының Хайдянь ауданында орналасқан мемлекеттік зерттеу университеті. Ол Қытай Халық Республикасының Білім министрлігіне қарайды және тікелей мемлекеттік қаржыландыру арқылы жұмыс істейді. Университет Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарына арналған «211» және «985» жобаларының, сондай-ақ «Әлемдік деңгейдегі университеттерді дамыту» бағдарламасының қатысушысы болып табылады. Сонымен қатар, ол Қытайдың ең беделді жоғары оқу орындарын біріктіретін C9 Лигасының мүшесі.
Меморандумның негізгі мақсаты — жоғары білім беру, ғылым және инновация салаларындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту, академиялық байланыстарды нығайту және халықаралық білім беру жобаларын бірлесіп жүзеге асыру.
Ынтымақтастық аясында тараптар студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, халықаралық конференциялар мен семинарлар ұйымдастыруға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу мүмкіндіктерін қарастыруға ниетті.
Университет халықаралық ғылыми жобаларға белсенді қатысып, басқа өңірлердегі жетекші білім беру және ғылыми ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан.
Бұл меморандум университет үшін халықаралық әріптестік географиясын кеңейтуге, білім беру сапасын арттыруға және студенттер мен оқытушыларға жаңа академиялық мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Аталған келісім екі университет арасындағы ұзақ мерзімді және нәтижелі ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастырады.
