20 шілде 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ МҰХТАР ӘДІЛБЕКҰЛЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде оқу орнының Басқарма төрағасы – ректоры қызметін абыроймен атқарып, жаңа жауапты кезеңге қадам басқан Мұхтар Әділбекұлын ұжымдық құрметпен шығарып салуға арналған «Көшбасшылыққа алғыс» атты салтанатты кездесу өтті.
Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Амерхан Рахымжанов, мемлекеттік органдардың басшылары, білім беру саласының өкілдері, жоғары оқу орындарының серіктестері, қоғам қайраткерлері, университет ардагерлері, профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер, түлектер мен студенттер қатысты.
Салтанатты кеш университеттің даму жолын, жүзеге асқан ауқымды жобаларды және Мұхтар Әділбекұлының басшылық қызметіндегі маңызды белестерді қамтыған арнайы бейнероликпен басталды.
Ресми бөлімде сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Мұхтар Әділбекұлының өңірдегі жоғары білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, оған жаңа қызметінде толағай табыс тіледі.
Өз кезегінде университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Амерхан Рахымжанов оқу орнының соңғы жылдардағы жетістіктері мен қарқынды дамуы кәсіби басқару мен жүйелі стратегиялық шешімдердің нәтижесі екенін атап өтіп, Мұхтар Әділбекұлына қазақтың дәстүрімен шапан жауып, құрмет көрсетті.
Кеш барысында Мұхтар Әділбекұлы университет ұжымына, әріптестеріне, студенттерге және серіктестерге шынайы алғысын білдіріп, Сәрсен Аманжолов университеті әрдайым өзінің жүрегіне жақын білім ордасы болып қала беретінін айтты. Ол ұжымның бірлігі мен ортақ мақсатқа деген адалдығы оқу орнының басты құндылығы екенін ерекше атап өтті.
Салтанатты жиында Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов, Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Сабыржан Оңалбаев, «Әділет» партиясының облыстық филиалының төрайымы Жанат Макеева, «Шығыс Қазақстан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Назгүл Касенова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Гаухар Жұманова, «Шығыс Қазақстан облысының еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Арайлым Есімбекова сөз сөйлеп, Мұхтар Әділбекұлының жоғары білім саласын дамытудағы еңбегіне жоғары баға берді.
«Университет алғыс айтады» атты арнайы бөлімде студенттер, университет ардагерлері мен профессор-оқытушылар құрамы жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Университеттің проректорлары, жоғары мектеп декандары, орталық директорлары мен құрылымдық бөлімше басшылары атынан естелік сыйлық табысталды.
Кештің сәнін көркемөнерпаздардың музыкалық тартулары келтіріп, қатысушылар үшін ерекше әсерге толы атмосфера қалыптастырды.
Іс-шара соңында университет ұжымы Мұхтар Әділбекұлына көп жылғы адал еңбегі, көреген көшбасшылығы, білім мен ғылымды дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылығын білдіріп, зор денсаулық, бақ-береке, жаңа белестер мен толайым табыс тіледі.
Салтанатты кездесу естелік суретке түсумен аяқталды. Бұл кеш университет тарихындағы бір кезеңнің қорытындысы ғана емес, оқу орнының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаға көрсетілген зор құрметтің жарқын көрінісі болды.









