21 қыркүйек 2026
«АСЫЛ МИРАСҚА» – 10 ЖЫЛ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ОБЛЫСТЫҚ СИМПОЗИУМ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды сүйемелдеудегі дәлелді практика және ведомствоаралық өзара іс-қимыл» тақырыбында «Асыл Мирас» аутизм орталығының 10 жылдығына арналған облыстық симпозиум өтті.
Іс-шара білім беру, денсаулық сақтау, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу салаларының мамандарын, ғылыми қоғамдастық өкілдерін және аутизм спектрі бұзылыстары бар балалармен жұмыс істейтін ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Қатысушылардың негізгі назары аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды сүйемелдеудің заманауи тәсілдеріне, дәлелді практикаларды қолдануға және тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға аударылды.
Іс-шараны Шығыс Қазақстан облысының Білім басқармасы басшысының орынбасары Бүлбүл Жомартқызы Қозыбаева ашты.
Қатысушыларға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Джарасова құттықтау сөзін арнады.
Симпозиумның Amanzholov University базасында өтуі университет пен «Асыл Мирас» аутизм орталығы арасындағы көпжылдық ынтымақтастық тұрғысынан ерекше маңызға ие. Он жыл бойы екі ұйым мамандар даярлау, студенттердің практикалық білім алуын ұйымдастыру, тәжірибе алмасу және аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды сүйемелдеудің тиімді тәсілдерін дамыту бағыттарында бірлесіп жұмыс істеп келеді.
Симпозиумдағы негізгі баяндамалардың бірі «Асыл Мирас» аутизм орталығының он жылдық жұмыс тәжірибесіне арналды. Орталық басшысының міндетін атқарушы Динара Амангелдинқызы Дюсембинова орталықтың осы жылдар ішінде атқарған жұмыстарының нәтижелері, жинақталған тәжірибесі және аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды қолдау жүйесін одан әрі дамыту перспективалары туралы баяндады.
Симпозиум аясында аутизмі бар балалар мен олардың отбасыларын жүйелі қолдау мәселелері де қарастырылды. Болат Өтемұратов қорының бас директоры Гүлмира Құрманбайқызы Мурзалинова қордың осы бағыттағы тәжірибесін таныстырды. Ал Шығыс Қазақстан облысының бас педиатры Гүл Мадиқызы Құсайынова денсаулық сақтау жүйесіндегі ерте дамуды мониторингтеу мәселелерін түсіндірді. Қатысушылар отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы, ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау және баланы сүйемелдеудегі әртүрлі мамандардың рөлі мәселелерін талқылады.
Қоғамның аутизм туралы хабардарлығын арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Қабдұләшімқызы Алипова халықтың аутизм туралы хабардар болуына қатысты әлеуметтік зерттеу нәтижелерін таныстырды
Симпозиумның маңызды сәттерінің бірі – коммерцияландыру жобасы аясында Amanzholov University-де дайындалған балансирді «Асыл Мирас» аутизм орталығына табыстау болды. Құрал-жабдықты университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Джарасова табыстады.
Симпозиумның практикалық бөлімі университет базасында жалғасты. «Асыл Мирас» мамандары аутизм спектрі бұзылыстарының белгілерін ерте анықтау бойынша шеберлік сағатын өткізді. Ал психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және психологиялық-педагогикалық кабинет өкілдері ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен ерте көмек көрсету мәселелерін қарастырды.
Психология және коррекциялық педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бибінұр Қайноллақызы Жұмағалиева ойын арқылы дамытуға негізделген, аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға ерте көмек көрсету тәсілі – Денвердің ESDM моделін таныстырды.
Бұл ынтымақтастықтың маңызды бағыты – кәсіби кадрлар даярлау және практикалық тәжірибенің сабақтастығын қамтамасыз ету. Өскемен қаласындағы «Асыл Мирас» аутизм орталығының барлық қызметкері – Amanzholov University түлектері. Университетте алған білімдері мен «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығында жинақтаған тәжірибелері олардың кәсіби қызметінде өз жалғасын тауып келеді.
Осылайша университеттік білім мен практиканың өзара байланысы қалыптасады: болашақ мамандар іргелі білім алып, тиімді жұмыс әдістерін меңгереді. Кейін олар алған білімдері мен кәсіби құзыреттерін аутизм спектрі бұзылыстары бар балалармен және олардың отбасыларымен жұмыс істеу кезінде тәжірибеде қолданып, одан әрі дамытады.
Облыстық симпозиум түрлі салалар өкілдерінің кәсіби пікір алмасып, тәжірибе бөлісуіне мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Қатысушылар дәлелді практикаларды қолдану, аутизм спектрі бұзылыстарын ерте анықтау, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және кәсіби ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.
Amanzholov University мен «Асыл Мирас» аутизм орталығы арасындағы он жылдық серіктестік – білім беру мен практикалық әлеуетті ұштастыруға, кәсіби мамандар даярлауға, сондай-ақ аутизм спектрі бұзылыстары бар балалар мен олардың отбасыларын сүйемелдеу жүйесін жетілдіруге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.







