8 шілде 2026


БИЗНЕС ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Бизнес және құқық жоғары мектебі түлектерінің диплом табыстау салтанаты өтті.

Түлектер үшін бұл күн – студенттік өмірдің жарқын қорытындысы ғана емес, кәсіби жолдың бастауына айналған ерекше белес. Университет қабырғасында алған білім мен жинақталған тәжірибе олардың болашақтағы табысты еңбек жолына берік негіз қалайды.

Салтанатты рәсімде жас мамандарға жоғары білім туралы дипломдар табысталып, оқу, ғылым және қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан түлектер марапатталды. Сонымен қатар әскери кафедраны аяқтаған түлектерге алғашқы әскери шендері салтанатты түрде тапсырылды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп жүзеге асырылған микробіліктілік бағдарламасын сәтті аяқтаған түлектерге арнайы сертификаттар табысталды.

Жиын барысында университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен құрметті қонақтар түлектерді айтулы мерекемен құттықтап, адал еңбек, кәсіби өсу және жаңа жетістіктер тіледі. Олар алған білімдерін ел игілігіне жұмсап, Қазақстанның құқықтық жүйесі мен экономикасының дамуына лайықты үлес қосатынына сенім білдірді.