18 қыркүйек 2026


БІЛІМ БЕРУДЕГІ AI: ЖАС ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ ЖАҢА ҚҰЗЫРЕТТЕРІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жас оқытушылардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған «Жас оқытушы мектебі» біліктілікті арттыру курсы жалғасуда.

2026 жылғы 16 қыркүйек пен 23 қазан аралығында Кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру Ресурстық орталығында ұйымдастырылып отырған курс жас мамандарға жоғары мектептегі оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға қажетті теориялық білім мен практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Бүгінгі оқу сессиясын «Педагогикалық білім және менеджмент» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гаян Нурахметовна Губайдуллина өткізді. Сабақ кезінде жоғары оқу орнындағы педагогикалық қызметтің ерекшеліктері, оқытушының кәсіби қызметін тиімді ұйымдастыру және білім беру үдерісін заманауи талаптарға сай құру мәселелері қарастырылды.

Курс бағдарламасы жоғары оқу орнының академиялық құрамының кәсіби қызметіне қатысты құқықтық және нормативтік база, жоғары мектепте оқыту әдістері мен технологиялары, білім берудегі жасанды интеллект мүмкіндіктері, инклюзивті білім беру, білім алушылардың психологиялық және жас ерекшеліктері, сондай-ақ студенттердің кәсіби практикасын жобалау және оның нәтижелерін бағалау бағыттарын қамтиды.

Оқу сабақтары барысында жас оқытушылар теориялық білімді практикалық тапсырмалармен ұштастырып, жоғары мектептегі педагогикалық қызметке қажетті әдістер мен құралдарды меңгереді. Бұл өз кезегінде олардың сабақ беру тәжірибесін жетілдіріп, білім алушылармен тиімді жұмыс жүргізуіне және оқу үдерісін сапалы ұйымдастыруына негіз болады.

«Жас оқытушы мектебі» – кәсіби жолын енді бастаған мамандар үшін тәжірибе жинақтап, заманауи білім беру тәсілдерін меңгеруге және оқытушылық қызметтегі алғашқы қадамдарын нық басуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.