1 қыркүйек 2026


ЖАҢА БЕЛЕСТЕР БАСТАУЫ: AMANZHOLOV UNIVERSITY БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІН ҚАРСЫ АЛДЫ

 

1 қыркүйек – Білім күніне орай Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 2026–2027 оқу жылының басталуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққан жастар үшін бұл күн студенттік өмірдің алғашқы қадамына айналып, жаңа білім мен жаңа ортаға жол ашты.

Бүгінде университет – білім берумен қатар, жастардың кәсіби бағытын айқындап, ғылыми ізденісі мен шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін орта. 1952 жылы негізі қаланған Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті білім мен ғылым саласындағы дәстүрін жалғастырып, жастарға сапалы білім алуға және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жағдай жасап келеді.

Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігі «Әділетті Қазақстан» тақырыбына арналды. Еліміздің болашағын қалыптастыруда жас ұрпақтың орны ерекше. Білімге ұмтылу, жауапкершілік, заңды құрметтеу және Отанға деген сүйіспеншілік – өскелең ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыратын маңызды құндылықтар.

Салтанатты шара барысында университетке жоғары нәтижелермен түскен студенттерге ерекше құрмет көрсетілді.

Биыл AMANZHOLOV UNIVERSITY-ке 3000-нан астам талапкер оқуға қабылданды. Олардың қатарында 1500 мемлекеттік білім беру грантының иегері және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің грантын иеленген 100 студент бар.

Бірінші курс студенттерінің арасында 79 «Алтын белгі» иегері, халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары бар.

«Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасына қабылданған жастардың арасында 30 спорт шебері мен спорт шеберлігіне үміткер, сондай-ақ халықаралық және республикалық жарыстардың 25 жеңімпазы бар.

Мерекелік жиында университет қызметкерлеріне ғылым мен білім саласына қосқан кәсіби үлесі үшін мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды. Марапатталғандар қатарында университеттің профессор-оқытушылар құрамы өкілдері де бар.

Салтанатты шара барысында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Басқарма төрағасының міндетін атқарушы – ректор Ирина Владимировна Ровнякова да марапатталды.

Университет ардагерлеріне, оқытушылар мен студенттерге педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ризабек Бариевич Сармулдинов құттықтау сөзін арнады. Ол университет қауымын Білім күнімен құттықтап, әр буын өкілдеріне жылы лебізін білдірді.

Шара барысында оқуға түсу кезінде жоғары нәтиже көрсеткен бірінші курс студенттері де көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасына Ұлттық бірыңғай тестілеуден 129 балл жинаған Адилов Айхат Куанышбайұлы және «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті, «Алтын белгі» иегері Бату Нұрай бар.

Бірінші курс студенттеріне университеттің символдық кілттері табысталып, олар оқу орнының лайықты студенті болуға уәде берді.

 

Салтанатты бөлім концерттік бағдарламамен жалғасты. Университет өнерпаздары мен белсенді жастары музыкалық және би қойылымдарын ұсынып, мерекенің көркін қыздырды. Бағдарлама «Менің универім!» әнімен аяқталды.

Бірінші курс – жастардың кәсіби және тұлғалық қалыптасуындағы маңызды кезең. Университет қабырғасында олар таңдаған мамандығын меңгеріп қана қоймай, ғылыммен айналысуға, спорт пен шығармашылықта қабілетін дамытуға, қоғамдық өмірге белсенді араласуға мүмкіндік алады.

AMANZHOLOV UNIVERSITY үшін Білім күні – жаңа студенттерді қарсы алатын мереке ғана емес, университет қауымына жаңа буынның қосылатын ерекше сәті. Ал бірінші курс студенттері үшін бұл күн үлкен студенттік жолдың басталуын білдіреді.

Студенттік жылдар білім мен тәжірибе жинақтап, өз қабілетін танытып, болашақ маман ретінде қалыптасатын маңызды кезең болсын. Әрбір студентке таңдаған бағыты бойынша биіктерді бағындырып, университет өміріне белсенді араласуына тілектеспіз.

Білім күні құтты болсын! Жаңа оқу жылы жаңа мүмкіндіктер мен жарқын жетістіктерге толы болсын!