17 сәуір 2026


КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ: ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ КУРСЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығы 2025 жылғы 12 қазан мен 2026 жылғы 12 қаңтар аралығында «Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығының ерекшеліктері» атты қосымша білім беру бағдарламасы бойынша курс ұйымдастырып, өткізді. Аталған курс «Сот және прокурорлық қызмет», «Құқықтану» білім беру бағдарламаларының 2–3 курс студенттеріне арналды.

Курсты заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, құқықтану кафедрасының оқытушысы Орсаева Раиса Ануарқызы жүргізді.

Курстың негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтарын түсіндіру, оларды қылмыстық жауаптылыққа тартудың ерекшеліктерін ашып көрсету. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жан-жақты қарастыру, қылмыстылықтың алдын алу саясатын жоспарлау мен жобалаудың маңызын түсіндіру көзделді. Студенттер кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстарға қатысты қылмыстық істердің ерекшеліктерімен танысып, қылмыстылыққа қылмыстық-құқықтық және криминологиялық тұрғыдан баға беруді, оны қазіргі статистикалық деректермен байланыстыра талдауды меңгерді.

Курс соңында Кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығының директоры Исебаева Бақытгүл қатысушыларға сертификаттар табыстады. Жалпы саны 20 студент курс аяқтағаны туралы куәлік алды. Болашақта бұл курс бойынша игерілген 6 кредит және пән атауы студенттердің диплом қосымшасына (транскриптіне) енгізілетін болады.