21 қыркүйек 2026


МИХАЛ ЛАБЕНДА AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстандағы Польша Республикасы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михал Лабенданың «Полонияның қазіргі заманғы Еуропаға қарай трансформациясы» тақырыбында ашық дәрісі өтті.

Кездесуге университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова және «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының студенттері қатысты.

Дәріс барысында Полонияның тарихи-мәдени дамуы, қазіргі Еуропадағы орны, қоғамдық өзгерістер және заманауи үдерістерге бейімделу ерекшеліктері кеңінен талқыланды. Михал Лабенда Польша қоғамының дамуындағы негізгі өзгерістерге тоқталып, қазіргі еуропалық кеңістіктегі елдің орны мен ерекшеліктері туралы ой бөлісті.

Сонымен қатар дипломат Польша мен Қазақстан арасындағы тарихи-мәдени байланыстарға арнайы тоқталды. Екі ел арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың маңызы, мәдени және қоғамдық байланыстарды одан әрі нығайтудың мүмкіндіктері сөз болды.

Кездесудің ерекше тұсы – Михал Лабенданың студенттермен қазақ тілінде еркін пікір алмасуы. Дәріс барысында ол өз ойын қазақ тілінде жеткізіп, студенттердің сұрақтарына да қазақ тілінде жауап берді. Бұл аудиториямен еркін байланыс орнатып, кездесудің мазмұнын мазмұнды әрі жылы форматта өткізуге мүмкіндік берді.

Дәріс соңында студенттер Польшадағы қоғамдық өзгерістер, Еуропаның қазіргі даму үдерістері, мәдени байланыстар және халықаралық ынтымақтастыққа қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Ашық пікір алмасу барысында студенттер халықаралық үдерістер туралы ойларын ортаға салып, қонақпен еркін сұхбаттасты.

Сапар аясында Михал Лабенда университеттің Халықаралық жасанды интеллект орталығы «AI Amanzholov» жұмысымен де танысты. Қонаққа орталықтың қызмет бағыттары, білім беру және ғылыми-зерттеу үдерістерінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктері таныстырылды.

«AI Amanzholov» орталығында университеттің жасанды интеллект саласындағы білім беру және ғылыми бастамалары, цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу бағыттары көрсетілді. Михал Лабенда орталықтың жұмысымен танысып, жасанды интеллектіні білім мен ғылымда тиімді пайдалануға бағытталған университет бастамаларына жоғары бағасын берді.

Мұндай халықаралық кездесулер студенттердің әлемдік қоғамдық және мәдени үдерістер туралы білімін кеңейтіп, өзге елдердің тарихи-мәдени ерекшеліктерін тереңірек тануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан мен Польша арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып, жастардың халықаралық ынтымақтастыққа деген қызығушылығын арттыруға жол ашады.