28 мамыр 2026


ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ҮНЗИЛА ШАПАҚҚА АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ АТАҒЫ БЕРІЛДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен «Қазақстанның жаңа Конституциясы: институционалдық өзгерістер және құқықтық мемлекетті дамыту» атты ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапаққа университеттің Құрметті профессоры атағы берілді.

Салтанатты рәсімде университет басшылығы Үнзила Шапақтың еліміздің құқықтық жүйесін дамытуға, заң ғылымының өркендеуіне және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Конференция барысында Үнзила Шапақ конституциялық реформалардың қоғам дамуындағы маңызы, құқықтық мемлекетті нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде пікір білдірді. Сонымен қатар, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен әділетті қоғам құрудағы белсенді азаматтық ұстанымның рөліне тоқталды.

Шараға сот жүйесінің, құқық қорғау органдарының өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері, азаматтық сектор өкілдері мен студент жастар қатысты. Қатысушылар құқықтық институттарды жетілдіру, конституциялық бақылауды дамыту және заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Айта кетейік, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті қоғам қайраткерлерімен, ғалымдармен және мемлекеттік қызмет өкілдерімен тығыз ынтымақтастық орнатып, жастардың құқықтық білімін дамытуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.