21 мамыр 2026


СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ БАЗАСЫНДА ӨТКЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЗАҢ АУМАҒЫ. GRAFFITI BATTLE» ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Өскемен қаласында жастар шығармашылығын қолдауға және құқықтық мәдениетті насихаттауға бағытталған республикалық «Заң аумағы. Graffiti Battle» фестивалі өз мәресіне жетті. Ауқымды шара Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ базасында ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген талантты жас суретшілер мен креативті жастардың басын қосты.

Фестивальдің басты мақсаты — заманауи көше өнері арқылы қоғамдағы заң мен тәртіп құндылықтарын дәріптеу, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту және құқықтық сана қалыптастыру болды. Қатысушылар граффити өнерінің түрлі техникасын пайдалана отырып, «Заң мен тәртіп», әділдік, жауапкершілік және азаматтық ұстаным тақырыптарында ерекше туындыларын ұсынды. Әрбір жұмыс авторлардың қоғамға деген көзқарасын, креативті ойлауын және әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетті.

Фестиваль аясында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық байланыстар орнатуға мүмкіндік алды. Университет қабырғасында өткен шара жас суретшілер үшін тек байқау алаңы ғана емес, сонымен қатар еркін идеялар мен заманауи өнер тоғысқан шығармашылық кеңістікке айналды.

Байқау қорытындысы бойынша үздік қатысушылар 5 аталым бойынша марапатталып, арнайы дипломдар, сертификаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды. Қазылар алқасы жұмыстардың көркемдік ерекшелігіне, идеяның мазмұнына және тақырыптың ашылуына ерекше мән берді.

Іс-шараның салтанатты жабылу кешінде Spice би ұжымы өнер көрсетіп, фестиваль қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлады. Заманауи би мен шығармашылық атмосфера кештің мазмұнын толықтыра түсті.

Мұндай республикалық деңгейдегі мәдени-шығармашылық жобалардың Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ қабырғасында өтуі университеттің жастар бастамаларын қолдауға, студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға және ашық мәдени орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстарын айқын көрсетеді. Университет бүгінде тек білім мен ғылым ордасы ғана емес, сонымен қатар жас таланттарды біріктіретін маңызды шығармашылық алаңға айналып отыр.