20 қыркүйек 2026


«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ОБЛЫСТЫҚ СЕНБІЛІККЕ AMANZHOLOV UNIVERSITY ҰЖЫМЫ БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСТЫ

Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыстық форматтағы сенбілік ұйымдастырылды. Экологиялық бастама World Cleanup Day – Дүниежүзілік тазалық күніне орайластырылып, оған Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 100-ден астам студенті, оқытушысы мен қызметкері белсенді қатысты.

Сенбілік кезінде университет ұжымы аумақты тазарту, абаттандыру және жас көшеттер отырғызу жұмыстарына атсалысты. Ортақ іске жұмылған жастар мен университет қызметкерлері қоршаған ортаға деген жауапкершілікті нақты іспен көрсетті.

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, экологиялық бастаманың маңызын атап өтті. Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасына тоқталып, қоршаған ортаны қорғау мен туған өлкенің тазалығын сақтау баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова да облыстық сенбілікке қатысып, университет ұжымымен бірге абаттандыру жұмыстарына үлес қосты.

World Cleanup Day – әлемнің әр түкпіріндегі адамдарды қоршаған ортаны таза ұстауға үндейтін халықаралық экологиялық бастама. Осы игі бастама аясындағы жұмыстар табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырып, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

«Таза Қазақстан» мен халықаралық экологиялық бастамаларды қолдай отырып, Amanzholov University ұжымы туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қоса береді.