13 мамыр 2026


ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯ ТҮСУДЕ: ШҚУ-ДА ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті-нің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алып жатқан шетелдік студенттермен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың оқу үдерісіне бейімделу деңгейін анықтау, олардың оқу үлгерімі мен академиялық тәжірибесін талқылау, сондай-ақ алдағы оқу жылында халықаралық ынтымақтастықты жалғастыру мүмкіндіктерін қарастыру болды.

Кездесу барысында жоғары мектеп деканы студенттердің оқу жетістіктеріне ерекше назар аударып, білім сапасы, пәндерді меңгеру деңгейі және келесі жылы университетке қайта оралу жоспарлары жөнінде әңгіме өрбітті. Шетелдік студенттер өздерінің оқу барысындағы әсерлерімен бөлісіп, университет қабырғасында алған тәжірибелерінің кәсіби әрі тұлғалық дамуларына оң ықпал еткенін атап өтті.

Іс-шара аясында оқу озаттарын марапаттау рәсімі де өтті. Университеттің Басқарма төрағасы – ректор, профессор Мұхтар Төлегеннің бекітуімен үш студент «Үздік студент» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға белсенділігі мен үлгілі оқу көрсеткіштері үшін алғыс хаттар табысталды.

Кездесу соңында шетелдік студенттер университет ұжымына ризашылықтарын білдіріп, сапалы білім алуға жасалған қолайлы жағдайлар мен көрсетілген жан-жақты қолдау үшін алғыс айтты.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті алдағы уақытта да академиялық ұтқырлықты дамыту, халықаралық байланысты кеңейту және шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.