8 шілде 2026
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: AMANZHOLOV UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫ АГРАРЛЫҚ ЛОГИСТИКАНЫ ЦИФРЛАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ ТҮРКИЯ ТӘЖІРИБЕСІН ЗЕРДЕЛЕДІ
ИРН AP26101867 «Цифрлық логистика жағдайында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің сүт өнімдері кіші жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» ғылыми жобасын іске асыру аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Алма Байгужинова, Ержан Домалатов және Ляйля Ахметовадан құралған зерттеу тобы 2026 жылғы маусымда Түркия Республикасының Стамбул қаласына шетелдік ғылыми іссапармен барды.
Іссапардың негізгі мақсаты халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді цифрлық трансформациялау саласындағы озық шетелдік тәжірибені зерделеу, шетелдік ғылыми-білім беру ұйымдарымен академиялық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ цифрлық логистика, жеткізу тізбектерін басқару және агроөнеркәсіптік өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру саласындағы заманауи ғылыми тәсілдермен алмасу болды.
Бағдарламаның маңызды бөлігі университет ғалымдарының әлемнің түрлі елдерінен келген зерттеушілердің басын қосқан 56-шы EBES (Eurasia Business and Economics Society) халықаралық конференциясына қатысуы болды. Конференция барысында цифрлық экономика жағдайында агроөнеркәсіптік кешеннің сүт өнімдері кіші жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған ғылыми зерттеу нәтижелері ұсынылды. Зерттеуді жетекші шетелдік мамандармен талқылау сараптамалық баға алуға, ғылыми идеялармен алмасуға және алдағы зерттеулердің перспективалық бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Іссапар аясында Стамбул университеті жанындағы «Әл-Фараби» Еуразиялық зерттеу орталығында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмысына ерекше назар аударылды. Зерттеу «Агроөнеркәсіптік кешендегі логистикалық үдерістерді цифрландыру: Түркия тәжірибесі және оны Қазақстанда қолдану мүмкіндіктері» тақырыбы бойынша жүргізілді. Жұмыс барысында цифрлық аграрлық логистиканы ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу тізбектерін цифрлық сүйемелдеу тетіктері, логистикалық инфрақұрылымның жұмыс істеу ерекшеліктері, сондай-ақ Түркияның агроөнеркәсіптік секторындағы цифрлық үдерістерді мемлекеттік және институционалдық реттеу құралдары зерделенді.
Зерттеу тобы үшін сүт және сүт өнімдері логистикасын ұйымдастыру тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды, өйткені аталған сала температуралық режимді сақтауға, суық тізбектің үздіксіздігін қамтамасыз етуге, өнімнің цифрлық қадағалануына, сапаны бақылауға және жеткізілімдерді жедел басқаруға жоғары талаптар қояды. Түркияның практикалық тәжірибесін зерделеу логистикалық үдерістердің тиімділігін арттыруға және агроазық-түлік тізбектеріндегі шығындарды азайтуға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді анықтауға мүмкіндік берді.
Ғылыми жұмыс барысында зерттеушілер цифрлық мониторингті, үлкен деректерді талдауды, электрондық құжат айналымын, аграрлық нарық қатысушыларын цифрлық есепке алуды, суық тізбекті басқару жүйелерін және логистикалық үдерістердің ашықтығын арттыру құралдарын енгізу мәселелерін де қарастырды. Қабылдаушы тараптың ресми шақыруы негізінде іссапар қатысушыларына Стамбул университетінің кітапхана қорларына және Стамбул қаласының мамандандырылған ғылыми кітапханаларына қолжетімділік берілді, бұл жүргізіліп жатқан зерттеудің ақпараттық-талдамалық базасын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді.
Шетелдік ғылыми іссапардың нәтижесінде халықаралық ғылыми ынтымақтастық нығайтылып, шетелдік зерттеушілермен жаңа академиялық байланыстар орнатылды, жобаның теориялық және әдіснамалық базасы кеңейтілді, сондай-ақ агроөнеркәсіптік логистиканы цифрландыру саласындағы Түркия мен Қазақстан тәжірибесіне салыстырмалы талдау жүргізілді. Алынған материалдар ғылыми жобаны одан әрі орындау, халықаралық ғылыми басылымдарда жарияланымдар дайындау, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі логистикалық үдерістерді жетілдіру бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеу және бірлескен халықаралық зерттеу бастамаларын дамыту барысында пайдаланылатын болады.
Жоба ұжымы Стамбул университетіне, «Әл-Фараби» Еуразиялық зерттеу орталығына және орталық директоры профессор Абдулла Кызылджикке (Prof. Dr. Abdullah Kızılcık) ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы, қонақжайлылығы және көмегі үшін шынайы алғысын білдіреді. Орнатылған кәсіби байланыстар халықаралық академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға берік негіз қалайды.


