21 мамыр 2026


«ХИМИЯ-БИОЛОГИЯ» БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ СТУДЕНТТЕРІНІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКАСЫ БОЙЫНША ҚОРЫТЫНДЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

21 мамырда Amanzholov University базасында «6В01507 – Химия-Биология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттерінің өндірістік-педагогикалық практикасы бойынша қорытынды конференциясы сәтті өтті.

Конференция барысында студенттер практика кезеңінде қол жеткізген кәсіби жетістіктерімен, педагогикалық тәжірибелерімен және оқу-тәрбие үдерісінде қолданған тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Сонымен қатар болашақ педагогтер практикалық қызмет барысында орын алған қызықты, есте қаларлық әрі тағылымды оқиғаларды баяндап, өздерінің кәсіби қалыптасу жолындағы әсерлерімен бөлісті.

Іс-шара жұмысына практика базасы болған мектептердің жетекшілері мен пән мұғалімдері қатысты. Есептерді қорғау жылы әрі достық атмосферада өтіп, қатысушылардың белсенді қолдауымен және қошеметпен сүйемелденді. Талқылау барысында қойылған сұрақтар студенттер үшін ғана емес, оқытушылар мен тәжірибе жетекшілері үшін де кәсіби ой-толғауға негіз болды.

Конференция барысында студенттердің практика кезеңінде жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары ерекше қызығушылық тудырды. Болашақ мамандар өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынып, теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастырудағы жетістіктерін көрсетті.

Қорытынды есептерді қорғау жоғары деңгейде өтіп, болашақ педагогтердің кәсіби даярлығының сапасын айқын көрсетті. №15 орта мектебі базасында практикадан өткен студенттер мен практика жетекшісі алғыс хаттармен марапатталды.