12 тамыз 2026


ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕР – «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ СТИПЕНДИЯ ИЕГЕРЛЕРІ AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ БІЛІМ АЛАДЫ

2026–2027 оқу жылына арналған «Болашақ» бағдарламасының стипендия иегерлері – шетелдік студенттер тізіміне Индонезия, Палестина, Бангладеш, Моңғолия және Қытай Халық Республикасынан жеті студент енді.

Олардың қатарында әртүрлі білім беру бағыттары мен дайындық деңгейлерінің өкілдері бар. Төрт студент бакалавриат бағдарламалары бойынша ағылшын тілінде, екі студент қазақ тілінде, ал бір студент магистратурада білім алады.

Шетелдік студенттерді тарту – Amanzholov University-дің халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы маңызды басымдықтарының бірі. Әртүрлі елдердің өкілдеріне білім беру көпұлтты академиялық ортаны қалыптастыруға, білім беру және ғылыми байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ студенттер мен оқытушылар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Таңдалған білім беру бағдарламаларының қатарында қазіргі заманғы әрі сұранысқа ие бағыттардың болуы ерекше маңызды. Олардың ішінде робототехника және жасанды интеллект, химия және наноматериалдар, ядролық физика және атом энергетикасы, сондай-ақ саясаттану, халықаралық қатынастар, туризм және тарих бағыттары бар.

Amanzholov University халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытып, әртүрлі елдерден келген студенттерге білім алуға қолайлы жағдай жасауды жалғастыруда. Университет осылайша Шығыс Қазақстандағы ашық білім беру және ғылыми кеңістік ретіндегі позициясын нығайтып келеді.

Amanzholov University-ге қош келдіңіздер! Жаңа студенттерге сәтті оқу, жарқын академиялық жетістіктер және мазмұнды студенттік өмір тілейміз!