2 маусым 2026


ШҚУ-ДЫҢ ЖЕТІ ОНЛАЙН-КУРСЫ SKILLS ENBEK ҰЛТТЫҚ ПЛАТФОРМАСЫНДА ЖАРИЯЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті цифрлық білім беру кеңістігін дамыту және сапалы білімге қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда. Осы мақсатта университеттің 7 жаппай ашық онлайн-курсы (ЖАОК) Skills Enbek кәсіби оқыту платформасында жарияланды.

Жаңа онлайн-курстар оқытудың икемді форматтарын дамытуға, заманауи білім беру ресурстарына кең қолжетімділікті қамтамасыз етуге және азаматтардың үздіксіз кәсіби дамуын қолдауға бағытталған. Курстар тыңдаушыларға оқу материалдарын өздеріне ыңғайлы уақытта және жеке қарқынмен меңгеруге, өзекті білім мен дағдыларды игеруге, сондай-ақ оқу нәтижелерін сертификат арқылы растауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда университет ұсынған курстарға 337 тыңдаушы тіркелген. Оның ішінде 136 қатысушы оқуды сәтті аяқтап, сертификат иегері атанды. Бұл көрсеткіш тіркелген тыңдаушылардың жалпы санының шамамен 40 пайызын құрайды.

Университет курстарының Skills Enbek ұлттық платформасында жариялануы цифрлық білім беру экожүйесін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Бұл бастама білім алушылардың, жұмыс берушілердің және еңбек нарығының сұраныстарына сай келетін заманауи білім беру контентін әзірлеуге бағытталған университет қызметінің нәтижесін көрсетеді.

Жаппай ашық онлайн-курстарды ұлттық платформада орналастыру ашық білім беру идеясын кеңінен насихаттауға, азаматтардың өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін арттыруға және университеттің білім беру бағдарламаларының кең аудиторияға қолжетімді болуына ықпал етеді.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті цифрлық білім беру саласындағы бастамаларын одан әрі жалғастырып, заманауи талаптарға сай білім беру ресурстарын әзірлеу және енгізу жұмыстарын тұрақты түрде дамытатын болады