8 қыркүйек 2026


ҒЫЛЫМ, ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯ: УНИВЕРСИТЕТТІҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ — БАСТЫ БАҒЫТ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова университеттің 7-оқу ғимаратын аралап, жаратылыстану ғылымдары мен IT бағытындағы кафедралардың және ғылыми зертханалардың жұмысымен танысты.

7-оқу ғимараты – университеттің ғылыми әлеуеті жоғары нысандарының бірі. Мұнда жаңа материалдар мен нанотехнология, беттік инженерия және трибология бағыттарында ғылыми зерттеулер жүргізіліп, нақты жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар инклюзивті ортаға арналған жабдықтар мен заманауи технологиялық шешімдер әзірленуде.

Бүгінде елімізде Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ғылымды дамыту, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру және инновацияны нақты экономикамен ұштастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бастамасымен ғылымның практикалық нәтижелілігін арттыруға ерекше мән берілуде.

Университеттерге тек білім беретін ұйым ретінде ғана емес, жаңа білім, технология мен инновация қалыптастыратын ғылыми орталық ретінде де маңызды міндет жүктеліп отыр.

Мемлекет басшысы ғылым нәтижелерін нақты өндіріске енгізу және қоғам игілігіне бағыттаудың маңызын үнемі атап келеді. Осыған байланысты Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ғылыми әлеуетті тиімді пайдалану, зерттеу жұмыстарын күшейту және ғылыми әзірлемелерді практикалық нәтижеге айналдыру бағыттарына басымдық берілуде.

Университеттің ғылыми-зертханалық базасын одан әрі дамыту, студенттер мен жас ғалымдарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына кеңінен тарту, жаңа жобаларды қолдау және инновациялық әзірлемелердің әлеуетін арттыру – оқу орнының стратегиялық бағыттарының бірі.

Аралау қорытындысы бойынша зертханалардың жұмысын жетілдіру, материалдық-техникалық базаны нығайту және ғылыми жобаларды дамытуға қатысты бірқатар міндеттер айқындалды.

Негізгі мақсат – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін ғылым, технология және инновация тоғысқан, жаңа идеялар мен нақты ғылыми нәтижелер қалыптасатын заманауи ғылыми-инновациялық орталық ретінде дамыту.