1 қазан 2026


ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ IT: ЗЕРТТЕУ ИДЕЯСЫНАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРИЯЛАНЫМ МЕН ПАТЕНТКЕ ДЕЙІН

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасында «Ғылыми идеядан Scopus мақаласы мен патентке дейін: IT саласындағы зерттеу жолы» тақырыбында қонақ дәріс өтті.

Дәрісті Astana IT University Бағдарламалық инженерия мектебінің ассистент-профессоры, PhD Нұрғалиева Сымбат Алтыбайқызы өткізді. Кездесуге кафедраның студенттері, магистранттары, докторанттары және профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Дәрістің негізгі өзегі перспективалы идеяны толыққанды зерттеу жобасына айналдырып, оны нақты ғылыми немесе қолданбалы нәтижеге жеткізу жолдарына арналды. Қатысушылар зерттеу жұмысын ұйымдастыру алгоритмін қарастырды: өзекті тақырыпты таңдаудан және мәселені айқындаудан бастап, мақсат пен міндеттерді белгілеу, ғылыми жаңалық пен практикалық маңыздылықты анықтауға дейінгі кезеңдер талданды

Спикер халықаралық ғылыми басылымдарға мақала дайындау мәселесіне де ерекше назар аударды. Сымбат Алтыбайқызы ғылыми мақаланың құрылымы, әдебиеттерге сапалы шолу жүргізу, әдіснаманы таңдау, зерттеу нәтижелерін ұсыну және қорытынды жасау қағидалары туралы айтып өтті. Сонымен қатар Scopus дерекқорында индекстелетін журналдарды таңдау критерийлері мен қолжазбаны жарияланымға дайындаудың негізгі аспектілері қарастырылды.

Дәрістің маңызды бөлігі зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру және зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне арналды. Нақты мысалдар арқылы спикер IT әзірлемесінің жаңалығын бағалау, оның практикалық құндылығын анықтау және нәтижені патенттеуге дайындау жолдарын түсіндірді. Мұндай тәсіл зерттеу жұмысын тек академиялық үдеріс ретінде емес, сұранысқа ие технологиялық шешімдер жасауға негіз болатын бағыт ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Сымбат Алтыбайқызы өзінің ғылыми және кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып, зерттеу тақырыбын таңдау, жұмысты ұйымдастыру және жарияланым белсенділігін арттыру бойынша ұсыныстарымен бөлісті. Кездесудің практикалық бағыты тыңдаушыларға ғылыми идея, сапалы жүргізілген зерттеу, халықаралық жарияланым және зияткерлік меншік нысанын қалыптастыру арасындағы байланысты түсінуге мүмкіндік берді.

Дәріс ашық пікір алмасу форматында өтті. Студенттер, магистранттар мен докторанттар ғылыми мақалалар дайындау, Scopus журналдарын таңдау, ғылыми жаңалықты анықтау, IT әзірлемелерін патенттеу және зерттеуге арналған перспективалы тақырыптар бойынша сұрақтарын қойды.

Мұндай кездесулер білім алушылардың кәсіби және зерттеушілік дамуына қосымша мүмкіндік беріп, заманауи академиялық ортада бағдарлануына ықпал етеді. Сонымен қатар ғылыми жобамен жұмыс істеудің идеядан бастап жарияланым мен практикалық іске асыруға дейінгі толық циклін түсінуге жол ашады.

Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасы жетекші IT компаниялары мен жоғары оқу орындарының өкілдерімен ғылыми-білім беру бағытындағы өзара байланысты одан әрі дамытып келеді. Бұл білім алушыларға тәжірибе алмасуға, заманауи зерттеу құралдарын меңгеруге және өздерінің ғылыми бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.