15 қыркүйек 2026


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ «ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМҒА – ШЫНШЫЛ СӨЗ» ЕҢБЕГІ AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ОБЛЫСТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты еңбегіне арналған облыстық деңгейдегі талқылау өтті.

Жиынға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Серікқазыұлы Садырбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Айгүл Қауатайқызы Сейілхан, университеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері қатысты.

Басқосуда Мемлекет басшысының ел дамуына қатысты салмақты пайымдары сараланып, әділетті қоғам қалыптастыру, заң үстемдігі, тиімді мемлекеттік басқару, ғылым мен білімнің ел болашағындағы орны және азаматтық жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды.

Университеттің ардагер ұстазы, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлсім Сафуанқызы Бектасова «Әділетті қоғам және қуатты мемлекет: Президенттің ел егемендігін нығайту жолындағы тарихи миссиясы» тақырыбында баяндама жасады.

Айгүл Қауатайқызы Сейілхан тиімді мемлекеттік басқару, кәсіби мемлекеттік қызмет, ашықтық пен азамат алдындағы жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма мүшесі – ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, философия докторы (PhD) Есенбек Жұмағали Бейсенбайұлы «Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабындағы ғылымның ел дамуындағы рөлі» тақырыбында сөз сөйледі.

Университеттің сеньор-лекторы, заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Төлеубекқызы Байркенова «Конституция – Заң – Жауапкершілік: Әділетті қоғамның үш тірегі» тақырыбында баяндама жасап, заң мен жауапкершіліктің қоғам тұрақтылығындағы маңызына тоқталды.

Жастардың көзқарасын «Тарих» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Мұратбекқызы Ұлту таныстырып, «Президент кітабындағы жастар бейнесі және «Адал азамат» тұжырымдамасы» тақырыбында ой бөлісті.

Талқылау кезінде Президент еңбегінде көтерілген басымдықтарды білім беру үдерісінде тиімді пайдалану, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру және «Адал азамат» құндылықтарын дәріптеу бағыттары да сөз болды.

Облыстық деңгейдегі маңызды талқылаудың Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өтуі – білім ордасының өңірдегі қоғамдық ой мен зияткерлік пікір алмасудың маңызды алаңы ретіндегі орнын айқындай түсті.