14 сәуір 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ESIRTKISIZ QAZAQSTAN» СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде MEET UP форматында «Esirtkisiz Qazaqstan» стратегиялық сессиясы ұйымдастырылды. Іс-шара жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алуға және қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Кездесуге жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, жұмысшы және шығармашыл жастар, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев, «Esbol Qory» қорының төрағасы Жандос Ақтаев, университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Жаннета Калимолдина, сондай-ақ құқық қорғау және қадағалау органдарының өкілдері өзекті мәселелерді көтеріп, есірткіге қарсы күрестің маңыздылығын атап өтті.

Спикерлер жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, алдын алу шараларын күшейту және қоғамдағы қауіптердің алдын алу бағытында нақты ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, қатысушылармен ашық диалог алаңы ұйымдастырылып, сұрақ-жауап форматында пікір алмасу өтті.

Жиын қорытындысында қатысушылар есірткісіз қоғам қалыптастыру — тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екендігін атап өтті. Мұндай кездесулер жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырып, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға ықпал етеді.