16 сәуір 2026


ОБЛЫСТЫҚ «ИННОВАЦИЯ. ТҰРАҚТЫЛЫҚ. БОЛАШАҚ» ХАКАТОНЫНДА АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Oskemen HUB алаңында «Инновация. Тұрақтылық. Болашақ» атты ауқымды хакатон ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдегі жоғары оқу орындарының студенттері мен жас мамандары қатысып, түрлі инновациялық жобаларын ұсынды.

Хакатонды «Ауыл» партиясы Acapedia Kazakhstan Limited компаниясымен бірлесіп, Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасының қолдауымен өткізді.

Қатысушылар биотехнология және агроинновациялар, цифрландыру, жасанды интеллект, ESG және кәсіпкерлік бағыттары бойынша жобаларын таныстырды. Шара жас әзірлеушілер үшін өз идеяларын ұсынып қана қоймай, олардың тәжірибелік маңызын көрсетуге мүмкіндік берген алаңға айналды.

Жалпы хакатонға қатысуға 19 өтінім қабылданған. Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік үш жобаны анықтады. Бірінші орынды С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті командасы «Ауыл шаруашылығын цифрландыру» жобасымен жеңіп алды. Жоба дәлме-дәл егіншілік технологияларына негізделген. Ол әрбір жер телімінің ерекшеліктерін ескере отырып, агроөндірісті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Команда құрамында: 6В06101 – «Робототехника және жасанды интеллект» БББ 1 курс студенті Мақсатұлы Мерхат, 6В06102 – «Ақпараттық жүйелер» БББ 3 курс студенті Чериязданов Асхат Советқанұлы, 6В06103 – «Компьютерлік мехатроника» БББ 2 курс студенті Ахбай Сымбат Серікбайқызы.

Команда бірыңғай Agriculture агротехнологиялық порталын құруды ұсынды. Бұл жүйе барлық цифрлық шешімдерді біріктіріп, егістік алқаптарын цифрландыруды, электронды карталар жасауды, деректер базасын қалыптастыруды және өнімділік аймақтарын анықтауды қамтиды. Талдау барысында Sentinel және Landsat спутник деректері, дрондардан алынған ақпарат, топырақ зерттеулері мен агрометеостанциялар мәліметі пайдаланылады.

Жобаға енгізілген жасанды интеллект егіс жағдайын вегетациялық индекстер (NDVI, NDMI, NDWI) арқылы бағалап, өнімділікті болжайды және тәуекелдерді анықтайды. Сонымен қатар тыңайтқыштарды дәл мөлшерде енгізуге мүмкіндік береді.

Бірінші орын алған біздің университеттің командасы Шығыс Қазақстан облысының атынан республикалық кезеңде өнер көрсететін болады.