14 қыркүйек 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚЫТАЙҒА ІСКЕРЛІК САПАРҒА ҚАТЫСТЫ
2026 жылғы 7-12 қыркүйек аралығында «Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті» КЕАҚ делегациясы Қытай Халық Республикасының Фуцзянь провинциясындағы Фучжоу қаласына ұйымдастырылған іскерлік сапарға қатысты.
Делегация құрамында экономикалық мәселелер және цифрландыру жөніндегі проректор Еркат Мұкажанов және ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету және цифрландыру орталығының директоры Балғын Ділдебай болды. Сапарды Қазақстанның ғылыми-білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығы «KazRENA» және білім беру ұйымдарына арналған желілік жабдықтар мен цифрлық шешімдерді әзірлеу саласындағы жетекші қытайлық компаниялардың бірі – Ruijie Networks ұйымдастырды.
Сапар бағдарламасы жоғары білім беруді цифрлық трансформациялаудың заманауи тәсілдерін зерделеуге, ІТ-инфрақұрылымды дамытуға және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталды. Қатысушылар желілік инфрақұрылым, сымсыз технологиялар, бұлтты сервистер және университеттік желілерді интеллектуалды басқару салаларындағы технологиялық әзірлемелермен танысты.
Инфрақұрылым мен білім беру процестерін басқаруда жасанды интеллектіні қолдануға ерекше назар аударылды. Ruijie Networks компаниясының бас кеңсесінде, ғылыми-зерттеу орталығында және өндірістік кешенінде желілерді болжамды мониторингілеу және автоматтандырылған басқару жүйелері, трафикті талдау және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары, сондай-ақ оқытуды жекелендіру және білім беру деректерін өңдеу технологиялары таныстырылды.
Сонымен қатар қатысушылар цифрлық кампуста жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін қарастырды. Ұсынылған бағыттардың қатарында қолжетімділік пен ресурстарды интеллектуалды басқару, студенттер мен оқытушыларға арналған дауыстық және чат-ассистенттер, бейімделген оқыту және білім сапасын бағалау құралдары, сондай-ақ бейнебақылау және аудиторияларды мониторингілеу жүйелері бар.
Бағдарламаның маңызды бөлігі Фучжоу университеті мен Фуцзянь дәстүрлі қытай медицинасы университетіне бару болды. Делегация цифрлық білім беру ортасын қалыптастыру, кампустық желіні ұйымдастыру және жоғары оқу орындарының қызметіне заманауи технологияларды енгізу тәжірибесімен танысты.
Кездесулер барысында қытайлық мамандар жасанды интеллектіні оқу үдерісінде, ғылыми зерттеулерде және әкімшілік басқаруда қолдану тәсілдерін таныстырды. Атап айтқанда, үлкен тілдік модельдер, шешімдер қабылдауды интеллектуалды қолдау жүйелері және білім беру деректерін талдауға арналған платформалар қарастырылды. Жоғары оқу орындарының басшылығы және бейінді мамандарымен тәжірибе алмасу жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша одан әрі ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік беретін тікелей байланыстар жолға қойылды.
Іскерлік сапарға қатысу Amanzholov University өкілдеріне жоғары білім беруді цифрлық трансформациялаудың өзекті бағыттарын зерделеуге, озық технологиялық әзірлемелермен танысуға және университеттің ІТ-инфрақұрылымын, цифрлық білім беру ортасын дамыту, сондай-ақ білім беру, ғылыми және әкімшілік қызметте жасанды интеллектіні пайдалану бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.




