7 қазан 2026
НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ AMANZHOLOV UNIVERSITY-ГЕ ЖҰМЫС САПАРЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне Назарбаев Университетінің Президенті Вакар Ахмад бастаған делегация жұмыс сапарымен келді.
Делегация құрамында Назарбаев Университетінің вице-президенті Асель Увалиева, зерттеулер және инновациялар жөніндегі вице-провост Бьорн Биргиссон және Президент кеңсесінің басшысы Ильфат Фазылбаев болды.
Делегацияны Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова, профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми-зерттеу ұжымдары қарсы алды.
Жұмыс сапары аясында тараптар университеттердің ғылыми және инновациялық әлеуетін, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық перспективаларын, бірлескен зерттеулер мен қолданбалы жобаларды іске асыру, технологиялар трансферті және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелерін талқылады.
Сапар бағдарламасы университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысудан басталды.
Делегация барған негізгі нысандардың бірі – технологиялық инновацияларды дамыту және ғылымды қажет ететін салаларды ынталандыру мақсатында 2024 жылы құрылған «Shygys-BASTAU» технопаркі. Технопарк қызметі экология және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, энергетика және озық материалдар, цифрлық және ғарыштық технологиялар, озық өндіріс, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы және зияткерлік әлеуетті дамыту бағыттарын қамтиды.
Делегация мүшелеріне технопарк базасында жүзеге асырылып жатқан коммерцияландыру жобалары таныстырылды. Олардың қатарында композициялық материалдар, графен оксиді және бентонит негізінде тұрмыстық суды тазартуға арналған үш сатылы сүзгілер өндірісі бар. Бұл әзірлеме патенттелген, ЕАЭО талаптарына сәйкестігі расталған, AqaSaf тауар белгісі тіркелген және Отандық тауарлардың ұлттық каталогына енгізілген.
Сонымен қатар технопаркте Жерді қашықтан зондтау деректері мен өңірлік мониторинг желісін пайдалана отырып, Қазақстанның қуаң өңірлеріндегі агроценоздардың су режимін болжауға бағытталған зерттеулер жүргізілуде. Жұмыстың тағы бір бағыты – биік таулы өзендердің ағынынан электр энергиясын өндіруге арналған роторлы типтегі суға батырылатын шағын гидроэлектр станциясын әзірлеу.
Бұдан кейін делегация Биология, биотехнология және полимерлік-композициялық материалдар салаларындағы зерттеулер жүргізілетін Ұжымдық пайдалану ұлттық ғылыми зертханасының қызметімен танысты. Зерттеулердің бірі – құрамында целлюлозасы бар материалдар негізінде биоыдырайтын мультикомпозитті биогидрогель әзірлеу. Материал топырақтың жағдайына қарай ылғалды сіңіріп, сақтап, біртіндеп бөле алады. Бұл оның ауыл шаруашылығында, соның ішінде қуаң өңірлерде қолданылуына мүмкіндік береді.
Сапарда «Беткі инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығының қызметіне де ерекше назар аударылды. Орталық машина жасау бөлшектерінің тозуға төзімділігін арттыруға бағытталған ресурсты үнемдейтін беткі қабатты түрлендіру және қорғаныш жабындар жасау бағытында жұмыс істейді.
Қонақтарға технологиялық жабдық бөлшектерінің қызмет ету мерзімін бағалау, жоғары энтропиялы қорытпалардан газ-термиялық бүрку әдісімен жабындар алу, детонациялық жабындарды жетілдіру және электрразрядтық өңдеу әдістерін дамыту бағытындағы әзірлемелер таныстырылды. Перспективалы бағыттардың бірі – өнеркәсіптік қалдықтарды жоғары берікті қорғаныш жабындар жасауға арналған шикізат ретінде пайдалану.
Бағдарламаның маңызды бөлігі инклюзивті білім беру бағытына арналды. Делегация ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау көрсететін Құзыреттер орталығының, сондай-ақ «DANA BALA» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жұмысымен танысты.
Осы бағыт аясында университет диагностика және түзету жұмыстарына арналған отандық өнімнің 15-тен астам түрін әзірледі. Олардың техникалық құрылғылары патенттермен, ал интерактивті тренажерлер мен әдістемелер авторлық куәліктермен қорғалған. Орталықтардың практикалық қызметі «Эргопедагогика» және «Ерте қолдау педагогикасы» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлаумен де байланысты. Аталған бағдарламалар Семей медициналық университетімен және өңірдегі бейінді ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылады.
Сапардың ерекше сәттерінің бірі – Назарбаев Университеті өкілдерінің қазіргі уақытта Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде еңбек етіп жүрген өз түлектерімен кездесуі болды. Кездесу барысында түлектердің кәсіби жолы, қазіргі қызметі және университеттің дамуына қосып отырған үлесі талқыланды.
Сапар соңында ғылыми-білім беру серіктестігін одан әрі дамытуға арналған екіжақты келіссөздер өтті. Тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламаларын іске асыру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және патенттеу саласындағы тәжірибе алмасу, оқытушылар мен жас ғалымдардың академиялық ұтқырлығын дамыту, сондай-ақ инженерия, биотехнология, экология және арнайы педагогика бағыттарындағы пәнаралық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Жұмыс сапары екі университет арасындағы одан әрі ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындауға және ғылым, білім беру мен өңірдің технологиялық дамуы салаларындағы бірлескен бастамаларды дамытуға негіз болды.









