8 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY МЕН ҚАЗЦИНК ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
Назарбаев Университеті делегациясының Шығыс Қазақстан облысына сапары аясында өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі – Қазцинкке барды.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова кәсіпорынның өндірістік және технологиялық үдерістерімен, сондай-ақ өнеркәсіптік өндіріс саласындағы мүмкіндіктерімен танысты.
Қазцинктің әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директорымен өткен кездесуде тараптар инженерлік және ғылыми кадрларды даярлау, химия және материалтану салаларында бірлескен зерттеулер жүргізу, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді өндірістік үдерістерге енгізу бағыттарындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Университеттер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы тәжірибеге бағдарланған өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды. Жоғары оқу орындарының ғылыми-білім беру әлеуетін Қазцинктің өндірістік базасымен ұштастыру бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, сұранысқа ие мамандар даярлауға және ғылыми зерттеулер нәтижелерін экономиканың нақты секторына енгізуге мүмкіндік береді.
Сапар аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті түлектерінің елдің жетекші ұйымдарында басшылық қызметтер атқарып жүргені де атап өтілді. Amanzholov University түлегі, Назарбаев Университетінің вице-президенті Әсел Уәлиева білім беру және ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға қолдау көрсетіп келеді.
Кездесу қорытындысы бойынша Назарбаев Университеті, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті және Қазцинк арасында ұзақ мерзімді әріптестік орнату перспективалары айқындалды.
Университеттер мен өнеркәсіптік сектор арасындағы ынтымақтастық ғылыми зерттеулерді дамытуға, мамандар даярлау сапасын арттыруға және өңір үшін практикалық маңызы бар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.





