3 қыркүйек 2026
AI, БИЗНЕС ЖӘНЕ ТУРИЗМ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ START UP BATTLE ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Экономика және басқару», «Қаржы және есеп» және «Туризм» білім беру бағдарламаларында білім алып жатқан студенттерді біріктірген «Startup Battle: AI, ақша, бизнес және туризм» интерактивті іс-шарасы өтті.
Іс-шараның модераторлары «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алипова Алима Кабдульашимовна және экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, бизнес және құқық жоғары мектебі деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Асубаева Айгуль Слямгалиевна.
Іс-шара барысында жас зерттеушілер мобильді қосымшалар мен цифрлық сервистердің идеяларын ұсынып, бизнес-модельдердің негізгі элементтерін әзірледі, бастапқы қаржылық есептеулер жүргізді. Жобаларын негіздеу барысында экономикалық терминдер мен құралдарды қолдана отырып, кәсіпкерлік қызметте жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар өздерінің жобалық шешімдерін таныстырып, қорғады.
Іс-шараның маңызды құрамдас бөлігі жоғары курс студенттерінің сарапшы әрі бағалаушы ретінде қатысуы болды. Олар қатысушыларға сұрақтар қойып, ұсынылған жобаларды талдады және конструктивті кері байланыс берді. Мұндай формат студенттердің жобалық қызмет, көпшілік алдында презентация жасау және өз шешімдерін дәлелді түрде қорғау дағдыларын дамытуға ықпал етті.
«Startup Battle» әртүрлі курс студенттерінің кәсіби өзара іс-қимылына, тәжірибе алмасуына және білім беру үдерісі аясында коммуникациялық байланыстар қалыптастыруына мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды.
Мұндай іс-шараларды өткізу студенттердің кәсіпкерлік және инновациялық ойлауын дамытуға, білім берудің практикаға бағдарланған тәсілін нығайтуға және қазіргі экономикада сұранысқа ие кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Amanzholov University-де өткен «Startup Battle» білім беру үдерісінде теориялық білімді, практикалық құралдарды және заманауи технологияларды тиімді ұштастыруға болатынын көрсетті. Студенттердің өз идеяларын әзірлеп, оларды нақты жобалық шешімдерге айналдыруы олардың кәсіби және шығармашылық әлеуетін дамытудың маңызды қадамы.









