29 қыркүйек 2026


AI DIGITAL BRIDGE: AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МҮМКІНДІКТЕРІН МЕҢГЕРУДЕ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде AI Digital Bridge цифрландыру апталығы жалғасуда. Апталық аясында студенттерге жасанды интеллект негіздері мен заманауи AI құралдарын тәжірибеде қолдануға арналған дәріс өтті.

Теориялық бөлімді Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Ақмарал Садақбаева таныстырды. Дәріс барысында студенттерге жасанды интеллекттің негізгі ұғымдары мен қағидаттары, заманауи AI-технологиялардың дамуы және қазіргі таңда кеңінен қолданылатын құралдар туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар генеративті сервистерге, оның ішінде ChatGPT платформасына, олардың мүмкіндіктері мен қолдану ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды.

Практикалық бөлімді Жасанды интеллект және цифрландыру департаментінің цифрлық офицері Перизат Әнәфия өткізді. Ол студенттермен бірге генеративті жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде көрсетті.

Қатысушылар AI құралдарының көмегімен мәтіндік сұраныстар – промпттар арқылы өздігінен визуалды бейнелер жасады. Жұмыс барысында студенттер сұраныстарды сауатты құрастыруды, қажетті параметрлерді нақтылауды және сапалы әрі дәл визуалды нәтиже алу үшін оларды түзетуді үйренді.

Дәріс студенттерге жаңа білім алуға ғана емес, жасанды интеллект саласында әрі қарай өздігінен жұмыс істеуге бағыт-бағдар алуға мүмкіндік берді. Қатысушыларға алдағы уақытта өздері әзірлеп, таныстыра алатын AI-шешімдер мен AI-агенттерді құрудың ықтимал бағыттары мен идеялары ұсынылды. Бұл жобаларды олар цифрландыру апталығының келесі іс-шаралары аясында әзірлеп, таныстырып, қорғай алады.