6 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ МАЛАЙЗИЯДА БІЛІМ АЛУ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Жасмина Болат Малайзияның Перак штатындағы Танджонг-Малим қаласында орналасқан Сұлтан Идрис атындағы білім беру университетінде (UPSI) білім алуда. Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу оған халықаралық білім беру ортасына бейімделіп, шетелдік жоғары оқу орнындағы оқу ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік берді.

Жасминаның айтуынша, университеттегі алғашқы күндерден бастап оны оқу орнындағы жылы атмосфера, студенттердің ашықтығы мен оқытушылардың ерекше ықыласы тәнті еткен. Мұндағы білім беру үдерісі негізінен топтық жобаларға, өзіндік жұмысқа, практикалық тапсырмаларға және пікір алмасуға негізделген.

Студент үшін әртүрлі елдерден келген жастармен қарым-қатынас орнату да ерекше тәжірибе болды. Бірлескен оқу арқылы өзге халықтардың ұлттық дәстүрлері, мәдени ерекшеліктері мен дүниетанымы туралы танып, тілдік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алған.

Жаңа ортаға бейімделу белгілі бір уақытты талап етті. Жасмина алғашқы қиындықтардың қатарында тілдік кедергіні, мәдени айырмашылықтарды және оқытудың өзгеше форматын атап өтті. Дегенмен уақыт өте келе жаңа ортаға үйренісіп, өзін еркін сезіне бастаған.

Малайзияға сапар студент үшін академиялық дамудың ғана емес, өз мүмкіндіктерін сынап, дербестігін арттырып, өзгерістерге тез бейімделуді үйренудің де маңызды кезеңіне айналды.

Жасмина бұл тәжірибе білімін тереңдетіп, болашақ кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететініне сенімді. Сонымен қатар шетелде білім алу оның өмірінде жарқын естеліктер қалдыратын ерекше кезең болмақ.