1 қазан 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӨМІР БОЙЫ БІЛІМ АЛУ БАҒЫТТАРЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өмір бойы білім алу қағидатын жүзеге асыруға бағытталған бірқатар білім беру бағдарламалары іске асырылуда. Бұл бағыт азаматтардың кәсіби білімін толықтыруына, жаңа дағдыларды меңгеруіне және еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуіне мүмкіндік береді.
Университетте қосымша білім беру, педагогикалық қайта даярлау, біліктілікті арттыру және аға буын өкілдеріне арналған білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады.
Солардың бірі – микробіліктілік бағдарламалары. Қазіргі таңда университетте 44 микробіліктілік бағдарламасы ұсынылады. Бағдарламалар еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды қысқа мерзімде меңгеруге және кәсіби құзыреттерді толықтыруға бағытталған. Оқу мазмұнында практикалық бағытқа басымдық беріліп, бағдарламаларды әзірлеу кезінде жұмыс берушілердің қажеттіліктері ескеріледі.
Педагогикалық бағытта да кәсіби қайта даярлау жұмыстары жүргізіледі. 2026–2027 оқу жылында математика, химия, биология, география, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және арнайы педагогика бағыттары бойынша педагогикалық қайта даярлау бағдарламалары қарастырылған. Курстарды аяқтаған тыңдаушыларға белгіленген үлгідегі сертификат беріледі.
Кәсіби білімді жаңартуға бағытталған біліктілікті арттыру бағдарламалары педагогтерге, мемлекеттік қызметшілерге, әлеуметтік сала мамандарына және кәсіпорын қызметкерлеріне арналған. Курстарда заманауи әдістер мен технологияларды меңгеруге, кәсіби қызметке қажетті жаңа құралдарды игеруге басымдық беріледі.
Өмір бойы білім алу бағыты аға буын өкілдерін де қамтиды. Университеттегі «Күміс университет» жобасы аясында цифрлық және қаржылық сауаттылық, кәсіпкерлік негіздері, әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларды пайдалану, қазақ және шет тілдері, өлкетану, психология, арт-терапия, шығармашылық және сауықтыру бағыттары бойынша сабақтар ұйымдастырылады.
Өмір бойы білім алу жүйесінің дамуы университеттің білім беру қызметін кеңейтіп, түрлі әлеуметтік және кәсіби топтардың білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Білім беру бағдарламалары арқылы тыңдаушылар өз саласындағы білімін жетілдіріп қана қоймай, жаңа кәсіби бағыттарды меңгеруге мүмкіндік алады.
Аманжолов университеті осылайша білім беруді адамның кәсіби жолының әр кезеңімен байланыстыратын үздіксіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.









