30 қазан 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «МӘДЕНИЕТТЕГІ ӨЗБЕКӘЛІ ТҰЛҒАСЫ» КІТАП ОҚУ САЙЫСЫНЫҢ ФИНАЛЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Мәдениеттегі Өзбекәлі тұлғасы» атты облыстық кітап оқу сайысының финалдық кезеңі ұйымдастырылды.

Зияткерлік сайысты Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығы мен «Асық» әдеби-мәдени клубы бірлесіп өткізді. Байқаудың іріктеу кезеңдері Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде ұйымдастырылып, финалдық кезеңге облыстың жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.

Сайыстың басты мақсаты – мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қоғамдық қызметін, ғылыми мұрасын және ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесін кеңінен насихаттау. Сонымен қатар жастардың тарихи-мәдени мұраға қызығушылығын арттыру, рухани құндылықтарды дәріптеу және кітап оқу мәдениетін қалыптастыру көзделді.

Зияткерлік сайыс төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар алдымен «Белес» іріктеу кезеңінен өтіп, одан кейін «Көңілдегі көрікті ой» сұрақ-жауап кезеңінде білімдерін сынады. Ал «Қаламгер майданы» кезеңінде эссе жазып, «Аманат» бөлімінде Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен еңбегіне қатысты тақырыптарды баяндады.

Әр кезеңде қатысушылар тарихи деректерді саралап, тұлғаның қоғамдық қызметі мен ғылыми мұрасы туралы білімдерін ортаға салды. Сондай-ақ олардың шығармашылық ізденісі, ой қорыту және өз пікірін жүйелі жеткізу қабілеттері бағаланды.

Байқау қорытындысы бойынша Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері жүлделі орындар мен финалистер қатарынан көрінді.

Атап айтқанда, университеттің 2-курс студенті Ержақан Ақниет I орынды иеленсе, Жоғары колледж студенті Маратбек Альас II орынға, Аманбайқызы Гүлім III орынға ие болды.

Сонымен қатар университеттің 2-курс студенттері Идаятов Расул мен Берікұлы Аман, Жоғары колледж студенттері Хуат Бидайық пен Мұхтаров Әділет сайыстың финалистері атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Сайыстың жалпы жүлде қоры 200 мың теңгені құрады.

Осындай зияткерлік жобалар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық мұраға деген құрметін арттырумен қатар, кітап оқу мәдениетін дамытуға ықпал етеді.