3 қараша 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ СУ САПАСЫН ЗЕРТХАНАЛЫҚ БАҚЫЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебіне қарасты Экология және география кафедрасында «Экологиялық зертхана: судың ластануы қалай анықталады?» тақырыбында қонақ дәрісі ұйымдастырылды.

Дәрісті Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті РММ зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің сынақ зертханасының бас маманы Д. Райханова жүргізді. Кездесуге кафедраның білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан студенттер қатысты.

Дәріс кезінде су сапасын зертханалық бақылаудың негізгі кезеңдері, соның ішінде сынамалар алу және дайындау, зертханалық зерттеулер жүргізу, алынған нәтижелерді талдау және түсіндіру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар ластаушы заттарды анықтау әдістері, су сапасының негізгі көрсеткіштері мен зертханалық зерттеулердің дәлдігіне қойылатын талаптар түсіндірілді.

Дәріскер экологиялық мониторингтің су нысандарының ластану деңгейін анықтаудағы және оның алдын алудағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ сынақ зертханаларының күнделікті қызметі, қоршаған ортаны қорғау саласында тиімді шешім қабылдау үшін сенімді талдамалық деректердің рөлі туралы тәжірибелік ақпарат берді.

Кездесу барысында білім алушылар экология саласы мамандарының кәсіби қызметімен танысып, зертханалық бақылау мен су ресурстарының жай-күйін бағалауға қатысты сұрақтарын қойды. Бұл олардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, болашақ мамандықтарының қыр-сырын тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.

Қонақ дәрісі су ресурстарын қорғау, ауызсу сапасын бақылау, адам денсаулығы мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінің өзектілігін көрсетті. Сонымен қатар көтерілген тақырыптар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарындағы «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» (ТДМ 3), «Таза су және санитария» (ТДМ 6), «Жауапты тұтыну және өндіріс» (ТДМ 12) бағыттарымен сабақтасты.