22 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY БАЗАСЫНДА ПЕДАГОГТЕРГЕ АРНАЛҒАН ГИС-ТЕХНОЛОГИЯЛАР БОЙЫНША КУРСТАР ӨТУДЕ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Экология және география кафедрасында Кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қазіргі уақытта «Географиялық пәндерді оқытудағы ГИС» білім беру бағдарламасы бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру курстары өткізілуде. Курстар 2026 жылғы 28 сәуірде басталып, жаратылыстану-ғылыми бағыттағы педагог кадрларға арналған. Бағдарламаның жалпы көлемі – 135 сағат.

Қазіргі таңда тыңдаушылар геоақпараттық жүйелердің (ГИС) теориялық және практикалық негіздерін меңгеруде. Алғашқы сабақтарда қатысушылар заманауи геоақпараттық бағдарламалармен, олардың білім беру саласындағы мүмкіндіктерімен, кеңістіктік деректермен жұмыс істеу ерекшеліктерімен және картографиялық ақпаратты өңдеу әдістерімен танысты. Сонымен қатар тыңдаушылар білім беру және ғылыми қызметте қолданылатын ArcGIS және QGIS бағдарламаларының интерфейсі мен негізгі құралдарын оқып үйренуде.

Оқудың екінші аптасынан бастап әрбір қатысушы өз электрондық картасын жасауға кірісті. Практикалық сабақтар барысында тыңдаушылар shapefile форматындағы файлдарды құру, қабаттарды өңдеу, атрибутивтік деректермен жұмыс істеу және кеңістіктік талдау құралдарын пайдалану бойынша жұмыстар атқаруда. Қазіргі уақытта қатысушылар физикалық-географиялық аудандастыру бойынша цифрлық материалдар әзірлеп, кеңістіктік деректерді визуализациялау мен өңдеу дағдыларын жетілдіруде.

Курстар педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамытуға, географияны оқыту үдерісіне заманауи ГИС-технологияларды енгізуге және интерактивті картографиялық материалдармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын арттыруға бағытталған.