21 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ АЛТАЙ АУДАНЫНЫҢ БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде педагогикалық білім беру бағдарламаларының 4 курс студенттерінің қатысуымен Алтай ауданының бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шара болашақ педагогтер мен өңірдің білім беру жүйесі арасындағы өзара байланысты нығайтатын маңызды алаңға айналып, жыл сайынғы игі дәстүр ретінде жалғасын табуда.

Жәрмеңкеге Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызы Асқарова, Алтай ауданы білім бөлімінің басшысы Бақытгүл Қалибекқызы Қанафина және аудан мектептерінің 18 директоры қатысты. Білім беру ұйымдарының өкілдері жас мамандарға арналған бос жұмыс орындары, еңбек шарттары мен кәсіби даму мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берді.

Кездесу барысында ауыл мектептеріндегі кадр тапшылығы, жас педагогтерді қолдау және мұғалім мамандығының беделін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өз кезегінде түлектер жұмыс берушілермен тікелей тілдесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, алдын ала сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды.