20 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ БИОМАТЕРИАЛДАР БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР ӨТТІ

 

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Ұлттық зертханасы базасында «Биоматериалдар: жасыл технологиялар мен тұрақты дамудың ғылыми негізі» тақырыбында халықаралық ғылыми семинар өтті. Ауқымды ғылыми іс-шара Аманжолов университеті мен Сәтбаев университеті ғалымдарының бірлескен бастамасымен ұйымдастырылды.

Семинар барысында биоматериалдар саласындағы заманауи ғылыми зерттеулер, олардың экологиялық қауіпсіз технологияларды дамытудағы рөлі және тұрақты даму мақсаттарымен байланысы жан-жақты талқыланды.

Іс-шараға Сәтбаев университеті мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары, жас зерттеушілер, сондай-ақ Үндістанның Керала штатындағы Махатма Ганди университетінің қауымдастырылған профессоры Дипа Б. қатысты. Халықаралық сарапшылар ғылыми ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, биоматериалдар саласындағы әлемдік тәжірибелермен бөлісті.

Семинар аясында жас ғалымдар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін таныстырды. Баяндамаларда биокомпозиттер, экологиялық таза материалдар, қайта жаңғыртылатын шикізат негізіндегі өнімдер және жасыл технологияларды өндіріске енгізу мәселелері қамтылды.

Қатысушылар ұсынылған зерттеулердің ғылыми жаңалығы мен практикалық маңызын жоғары бағалап, олардың қоршаған ортаны қорғау, ресурстарды тиімді пайдалану және тұрақты даму қағидаттарын іске асыру бағытындағы өзектілігін атап өтті.

Сонымен қатар семинар барысында биоматериалдар саласындағы ғылыми ізденістерді дамыту, жас зерттеушілердің академиялық белсенділігін арттыру және университетаралық халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша мұндай ғылыми алаңдардың тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және болашақ халықаралық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні айтылды.